Кітап – ұлт санасын жаңғыртатын басты құрал

Бүгін, 10:08 / Інжу Әлихан
istockphoto.com

Өз басым кітаппен өте ертеден, бала кезімнен жақсы доспын. Ол менің алғашқы және өмір бойғы айнымас досым. Тәлім-тәрбиенің ең үлкенін ата-анамнан, үлкендерден, алтын ұям – мектебімнен, ұлағатты үстаздардан алсам, терең білімді кітаптан алып, сауаттылықты, мәдениетті жата-жастана оқыған кітаптардан алдым. Кітап кейіпкерлері мені кішкентайымнан елшіл, көпшіл, отаншыл болуға баулыды. Бастауыш сыныпта оқып жүргенде мектеп кітапханасына барып, түрлі тақырыптағы кітаптарды жаздырып алып оқитынмын. Кітапханашы апайымыз кітапты үйге беретін кезде алдымен оқыған кітабымыздың мазмұнын сұрайтын. Оқиғаларды жақсылап айтып берген соң барып келесі кітапты оқуға беретін. Міне, осындай тағылымдық мектептен өттік.

Алматы облысы Кеген ауданы Ұзынбұлақ ауылындағы Ы. Көшкінов атындағы орта мектепте оқып, білім алдық. Әлі күнге дейін ұмытпайтын, көкейіме оқушы кезімнен берік ұялаған француздың әйгілі ағартушы-философы, жазушы Дени Дидроның «Кітап оқуды қойған адам – ойлауды да қояды» деген қанатты сөзі үлкен етіп жазылған шағын тақтайша мектептің кіреберісінде ілінулі тұратын. Жанынан өткен сайын зер салып, қайта-қайта оқитынмын. Содан болар өшпестей болып жадыма жазылып қалыпты.

Тағы бір қызық дерек айтайын. Азаматтық борышымды 1985 – 1987 жылдары Германия Демократиялық Республикасында өтедім. Сол жылдары да әрине әскер тәртібіне үйреніп, өз-өзімізге келген уақытта елге қысқа демалысқа барып келген таныс-қызметтестерден қазақша әдеби кітап алып келулерін өтінетінмін. Қызметтестерім қорап-қорап темекі, т.т. заттар сұраса, мен үшін кітаптан артық сыйлық болмайтын. Ол кезде кеңестік қатаң тәртіп. Бәрі әскерде өзге тілде сөйлейді, өз тіліңде кітап оқу тіптен қиындау. Соның өзінде кітаптың сыртқы мұқабасын орыс тіліндегі газеттермен қаптап алып, оқи беретінмін.

Осы орайда, кітап оқуға жас буынды үндеу, «Кітап оқитын ұлт» жобасын күнделікті өмірімізге енгізу туралы Президент бастамасын оқып, зор ризашылықпен қолдауымның тамыры тереңде, сыры осында жатқанын айтқым келеді. Ол жобаның мақсаты – кітапты оқуды танымал ету және білімге қолжетімділікті насихаттау арқылы ұлттың зияткерлік әлеуетін қалыптастыру.

Осы тың бастама қазіргі кезде елімізде кең танымалдыққа ие болғанын атап өткеніміз жөн. Халық та бұл идеяны жүзеге асыруға белсене атсалысуда. Ұлттың озық ойлы, терең білімді болып, жаңа технологияны меңгеріп, жасанды интеллектіні игеруде шынайы ақылшысы, жол көрсетушісі, бірден-бір бағдаршамы болатын – кітап. Ұлт санасын жаңғыртатын, әлемдік қауымдастықтағы орнын айқындап беретін, ғылыми жаңалықтарға қол жеткізуге даңғыл жол ашатын заманауи тетіктің бірі – кітап.

Осы себептен Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаев ұлттың кітап оқу мәдениетін көтеру, зерделі ұлт қалыптастыру, сондай-ақ «туындылары жас ұрпақты Қазақстан Республикасы Конституциясының негізгі қағидаттары мен ережелерін құрметтеу рухында тәрбиелеуге ықпал етіп жүрген отандық жазушылар мен ақындарды қолдау» тұрғысында жаңа Жарлыққа қол қоюының ел үшін, келешек дамуымыз үшін, жас буын өкілдерін жаңа дәуірге лайықты азамат етіп тәрбиелеу үшін орасан маңызы зор деп санаймын. Қаламгер ретінде осы бастаманың сәтті іске асуына өз үлесімді қосқым келеді.

Мемлекет басшысының «Кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру жөніндегі шаралар туралы» Жарлығының тек қағаз жүзінде қалып қоймай, оның шын мәнінде, іскерлікпен жүзеге асуына кітапханашылар, қаламгерлер, зиялы қауым өкілдері ғана емес, бүкіл қоғам болып, жұртшылық болып атсалысып, белсенділікпен үн қосып, жаңа ұлт қалыптастыру жолындағы нақты бағыт-бағдар ретінде ұстанғанымыз абзал.

Себебі осы уақытқа дейін Президент айтып келген кітап оқитын ұлт идеясы енді заңдық тұрғыда бекітілді. Ең бастысы, елімізде кітап оқу мәдениетін дамыту және зерделі ұлт қалыптастыру ісі нақты қолға алынып, халқымыздың әлемдік өрениеттен өз орнын ойып тұрып алатынына деген сенім көкейімізге берік ұялады.

Жасанды интеллектіні және жаңа технологияны жалпы ұлт болып меңгеру үшін ұланғайыр білім керек. Білімнің қайнар бұлағы – кітап. Ендеше, ел басшысының аталған игі бастамасын жүзеге асыруға қазірден білек сыбанып кірісуіміз керек, ағайын! Себебі ертең кеш болуы мүмкін. Бүгінгі ұрпақтың қолынан ұялы телефон, планшет, компьютер түспейтін болды. Ондай жаңа технология құралдарын оқушыларымыз бен студенттердің терең меңгергенін қолдаймыз, дегенмен кітап оқу, зерделі ұлт болу – уақыт талабы. Осыған басты мән бергеніміз жөн.

Нұрлан ҚАЛҚА,

ақын, Қазақстан Жазушылар Одағының мүшесі.