Орманшылардың айтуынша, аталған құсты бұдан 20-30 жыл бұрын кездестіру қалыпты жағдай болса, қазір қатары өте сиреп кеткен.
Резерват аумағынан Қазақстанның Қызыл кітабына енген сирек дала құсы – тарғақ табылды. Ол – дала аймағындағы ең сирек құстардың бірі. Оның тіркелуі резерват аумағында табиғи ортаның қолайлы сақталғанын көрсетеді, - деп хабарлады «Ертіс орманы» мемлекеттік орман табиғи резерваты республикалық мемлекеттік мекемесінен.
Тарғақты Бесқарағай орманшылығының қызметкерлері фотосуретке түсіріп алған.
Тарғақ – қызғыш құстың бір түрі. Күзде жылы жаққа ұшып кетеді де, наурызда қайта оралады. Ұясын жерге, шұңқырға салады. Сәуірде жұмыртқалайды. Төрт шұбар жұмыртқаны аталығы мен аналығы кезектесіп басып, үш аптадан кейін балапан шығарады. Олар бір айдан кейін ұясын тастап кете береді. Балапандары ересектері сияқты жәндіктермен, шегіртке, қоңыз тәрізді ауыл шаруашылығы зиянкестерімен қоректенеді.