Әнші Димаш Құдайберген шығармашылығының Латын Америкасындағы бес елден жиналған жанкүйерлері «Fire» атты бірлескен музыкалық видео жобаны таныстырды.
Әншінің ресми сайтының хабарлауынша, видео түсіріліміне Чили, Бразилия, Мексика, Коста-Рика және Сальвадор елдеріндегі Dears фан-клубының өкілдері қатысқан.
Жобаны Diffusion Team командасы дайындаған. Авторлардың айтуынша, бұл жұмыс – жанкүйерлердің әншінің шығармашылығынан алатын шабыт пен махаббатының көрінісі. Видеода олар Димаш музыкасына деген шынайы сезім мен ортақ ықыласты жеткізуге тырысқан.
Әнде адамдар бұрын сезінбеген ішкі от туралы айтылады, – дейді жоба авторлары.
Жобаның ерекше тұстарының бірі – көру қабілеті бұзылған қыздың оқиғасы болды. Денсаулығындағы шектеулерге қарамастан, ол жазбаға қатысып, ортақ музыкалық жобаның бір бөлігіне айналған.
Сонымен қатар Diffusion Team ұжымы Latam Voces de Amor бастамасын іске қосты. Бұл – Латын Америкасындағы Димаш жанкүйерлеріне арналған шығармашылық әрі музыкалық жобаларды біріктіретін арнайы алаң.