Халықаралық отбасы күні аясында Шығыс Қазақстан облысында «Ғасырлық дәстүрлер» атты халықаралық фестиваль өтті. Ауқымды іс-шара барысында ұлттық сәндік-қолданбалы өнер саласы бойынша GBR халықаралық ұйымының екі әлемдік рекорды ресми түрде тіркелді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Фестивальдің басты оқиғасы – «Аламан құрақ – 2026» жобасының Global Best of Records халықаралық рекордтар кітабына енуі болды. Қазақтың дәстүрлі құрақ құрау өнеріне негізделген жоба әлемдік рекорд мәртебесіне ие болып, халықаралық деңгейде мойындалды.
Рекордтық жоба аясында көпшілікке ені 60 сантиметр болатын «Жылқы» сәндік жастықтары таныстырылды. Ұлттық нақышта тігілген бұйымдарда қазақ мәдениетіндегі еркіндік, күш пен тектіліктің символы саналатын жылқы бейнеленген. Шеберлер жалпы саны 788 жастық дайындап, бұл көрсеткіш те Global Best of Records халықаралық рекордтар кітабына енгізілді.
Сонымен қатар, сәндік бұйымдарын таныстырған тігіншілер мен қолөнер шеберлерінің ұлттық шеруі де жеке әлемдік рекорд ретінде тіркелді.
Шығыс Қазақстан облысының әкімі Нұрымбет Сақтағанов халықтық қолөнерді дамыту мен мәдени мұраны сақтау өңір үшін маңызды бағыттардың бірі екенін атап өтті.
— Біздің өңір ежелден бай мәдени мұрасымен, этностардың алуан түрлілігімен және салт-дәстүрге деген құрметімен ерекшеленеді. Бүгінде біз қолөнершілерді қолдауға, креативті индустрияларды дамытуға және ұлттық өнерді жас ұрпаққа насихаттауға ерекше көңіл бөліп отырмыз, — деді аймақ басшысы.
Фестиваль соңында дайындалған барлық жастықтар «Үміт» балалар үйінің тәрбиеленушілеріне табысталды.
Ұйымдастырушылардың айтуынша, жоба ұлттық құндылықтарды дәріптеумен қатар, қазақтың сәндік-қолданбалы өнерін халықаралық деңгейде танытуға бағытталған. Фестиваль қонақтары дәстүрлі өнердің заманауи үлгісін көріп, ұлттық мұраны сақтаудың жаңа тәсілдерімен танысты.
Ұйымдастырушылардың пікірінше, «Ғасырлық дәстүрлер» фестивалінің жетістіктері Шығыс Қазақстанның жоғары мәдени әлеуетін тағы бір мәрте дәлелдеп, қазақ қолөнерінің әлемдік деңгейдегі беделін нығайтты.