Алматыда Медеу ауданының тау бөктеріндегі аумақта топырақ көшті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға 14 мамыр күні Байқоңыр көшесінде болған. Аудан тұрғындары әлеуметтік желіде топырақтың сырғығаны туралы жазып, оқиға орнынан түсірілген видеоларды жариялады.
Жергілікті тұрғындардың айтуынша, жердің көшуіне кәріз люгінің бітелуі немесе кәріз жүйесіндегі ақау себеп болуы мүмкін. Видео сипаттамасында шамамен 3 мың текше метрге жуық топырақ жақын маңдағы өзен арнасына қарай сырғып кеткені айтылған. Сондай-ақ тұрғындар маңайда тұрғын үйлер бар екенін, бірақ алдын ала мәлімет бойынша зардап шеккендер жоқ екенін жеткізді.
Бұдан бөлек, тұрғындар жағдай ушыға бастаған кезде бір сағаттан астам уақыт бойы әкімдікке, ТЖД-ға және басқа да жауапты қызметтерге хабарласқанын, алайда оларды бір мекемеден екіншісіне бағыттаумен шектелгенін мәлімдеді.
Алматы қалалық ТЖД мәліметінше, топырақ көшуі туралы хабар шамамен түскі уақытта түскен. Оқиға орнына департамент қызметкерлері, «Қазселденқорғау» мамандары және аудан әкімдігінің өкілдері жіберілді.
Ведомствоның хабарлауынша, аталған аумақ күрделі рельефті, тік беткейлі тау бөктерінде орналасқан. Мұндай табиғи ерекшелік топырақтың сырғу қаупін арттыра түседі.
«Комиссиялық тексеру нәтижесінде мамандар топырақтың көшуіне кәріз құдығынан аққан су салдарынан жердің шамадан тыс ылғалдануы себеп болғанын растады. Қазіргі уақытта ақау жойылды», – деп хабарлады ТЖД.
Ресми дерекке сәйкес, тұрғындарға қауіп төніп тұрған жоқ. Жақын маңдағы үйлер зақымданбаған, жол қозғалысы ашық.