АҚШ-тың Огайо штатындағы Акрон қаласында шағын Piper PA-28 ұшағы тұрғын үйге құлады. Апаттан кейін үйді өрт шарпып, ұшақ бортында болған екі адам көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.
New York Post басылымының мәліметінше, оқиға 14 мамыр күні күндіз болған. Әуеге көтерілген шағын ұшақ көп ұзамай тұрғын үйге соғылған. Соққыдан кейін ғимаратта күшті өрт басталған.
АҚШ Федералдық авиация басқармасының дерегінше, Piper PA-28 ұшағы Akron Fulton Airport әуежайынан ұшып шыққан. Бортта екі адам болған, олардың екеуі де қаза тапты.
Апат кезінде үй ішінде төрт адамнан тұратын отбасы – ерлі-зайыпты мен екі бала болған. Қатты өртке қарамастан, олар сыртқа шығып үлгерген. Абырой болғанда, отбасы мүшелері жарақат алмаған.
Акрон өрт сөндіру қызметінің өкілі Сьерджи Лэштің айтуынша, тұрғындар ұшақтың үйге құлап бара жатқанын көргенін хабарлаған.
Құтқарушылар бастапқыда оқиға орнына тұрғын үйдегі өрт туралы шақырту бойынша барған. Кейін өрттің әуе апатынан шыққаны анықталған.
Куәгерлер апаттан кейін аудан үстін қою қара түтін басқанын видеоға түсіріп алған. Оқиға орнынан ұшақтың түрлі бөлшектері, соның ішінде құйрық бөлігі табылды.
Тұрғын үй қатты зақымданған. Енді мамандар ғимараттың әрі қарай пайдалануға жарамды-жарамсыз екенін тексереді. Ал апаттың нақты себебін АҚШ Федералдық авиация басқармасы мен Ұлттық көлік қауіпсіздігі кеңесі анықтап жатыр.