Петропавлда тұрғын үй басқару жүйесін жаңарту жолдары талқыланды

Бүгін, 20:33 / Жамбыл Жайлау

Солтүстік Қазақстан облысында көпқабатты тұрғын үйлердің тек үштен бірі ғана басқарудың жаңа формасына толық көшкен. Сонымен қатар МИБ және ПИК төрағалары жұмыс жүктемесінің көптігі, кадр тапшылығы және қызмет барысындағы түрлі қиындықтармен жиі бетпе-бет келіп отыр. Бұл мәселелер «TURGYNDAR AMANATY» партиялық жобасы аясында өткен өңірлік форумда талқыланды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Іс-шараға Солтүстік Қазақстан облысының әкімі Ғауез Нұрмұхамбетов, «AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов, депутаттар, мемлекеттік органдардың, коммуналдық қызметтердің өкілдері және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласының сарапшылары қатысты.

Қазіргі таңда өңірде 1 920 көппәтерлі тұрғын үй бар. Сондай-ақ 502 МИБ және 198 ПИК тіркелген. Күрделі жөндеу және абаттандыру бағдарламалары іске асырылып жатқанымен, салада жүйелі мәселелер сақталып отыр. Олардың қатарында тұрғын үй қорының тозуы, білікті мамандардың жетіспеуі және күрделі жөндеуге арналған жинақ қаражатының аздығы бар.

Облыс әкімі Ғауез Нұрмұхамбетовтің айтуынша, тұрғын үйді тиімді басқару үшін қаржының ашықтығын қамтамасыз ету, тұрғындардың белсенді қатысуын арттыру және цифрлық шешімдерді енгізу қажет.

«Тұрғын үй реформасы бір реттік науқан емес. Бұл – адамдармен, үйлермен және заңдармен күн сайын жүргізілетін жұмыс. Мемлекет жағдай жасауы керек, бизнес шешім ұсынуы тиіс, ал меншік иелері өз баспанасына жауапкершілікпен қарауы қажет. Тек осы үш бағыттың бірлігінде нақты нәтижеге қол жеткізуге болады. Солтүстік Қазақстан облысы көппәтерлі тұрғын үйлерді басқару жүйесі ашық, кәсіби және әр тұрғынға түсінікті өңірге айналуға ниетті. Бүгінгі форум – осы бағыттағы тағы бір маңызды қадам», – деді өңір басшысы.

«AMANAT» партиясының хатшысы Александр Данилов ТКШ саласындағы реформа азаматтардың өмір сапасына тікелей әсер ететінін атап өтті.

«МИБ және ПИК төрағалары күн сайын тұрғындармен жұмыс істейді және үйлердің нақты мәселелерін өзгелерден жақсы біледі. Сондықтан партия бұл бағытты оқыту, қалалық кеңестер құру және әкімдіктермен өзара іс-қимылды кеңейту арқылы күшейтуді көздейді. Біздің міндетіміз – тұрғын үйлерді басқаруды кәсіби, ашық әрі тиімді ету», – деді Александр Данилов.

Форум қатысушылары ТКШ саласын цифрландыру, «Халық қатысатын бюджет» бағдарламасын дамыту, «OSI-SKILLS» оқыту семинарларын іске қосу, сондай-ақ заңнаманы жетілдіру бойынша ұсыныстарды талқылады.

Кездесу қорытындысы бойынша бірқатар ПИК төрағалары «AMANAT» партиясының қатарына өтті. Саланың үздік мамандары алғыс хаттармен және құрмет грамоталарымен марапатталды.