Конго Демократиялық Республикасының шалғайдағы Итури провинциясында Эбола вирусының өршуі тіркелді. Африка ауруларды бақылау және алдын алу орталығының (Africa CDC) мәліметінше, қазіргі уақытқа дейін 246 күдікті жағдай анықталып, 65 адам қайтыс болған, деп хабарлайды turkystan.kz.
Эбола – өте жұқпалы вирус. Ол құсу, қан, сілекей және басқа да биологиялық сұйықтықтар арқылы таралады. Ауру сирек кездескенімен, өте ауыр өтіп, көп жағдайда өлімге әкеледі.
Мамандардың айтуынша, зертханалық тексеруден өткен 20 сынаманың 13-інен Эбола вирусы табылған. Әзірге нақты штамы толық анықталмағанымен, алдын ала нәтижелер оның ең қауіпті Заир нұсқасына жатпайтынын көрсеткен.
Қазіргі таңда зертханалық расталған науқастар арасында төрт өлім жағдайы тіркелді. Сонымен қатар Итури провинциясының орталығы Буния қаласында да күдікті жағдайлар анықталған.
Бұл індет Конгодағы алдыңғы Эбола өршуі аяқталғаннан кейін шамамен бес ай өткен соң қайта пайда болды. Бұған дейінгі індеттен 43 адам көз жұмған еді.
Africa CDC жаңа індеттің көрші елдерге таралу қаупі жоғары екенін ескертті. Бұған халықтың белсенді көші-қоны, кен өндіру аймақтарындағы қозғалыс, қауіпсіздік мәселелері және байланыста болған адамдарды бақылаудағы қиындықтар себеп болып отыр.
Ұйым Конго, Уганда және Оңтүстік Судан билігімен бірлесіп шекаралық бақылауды күшейтіп, індеттің таралуын тоқтатуға бағытталған шұғыл шаралар қабылдап жатқанын мәлімдеді.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы тұрғындарды ауру белгілері байқалған жағдайда дереу дәрігерге жүгінуге, күдікті науқастармен байланыстан аулақ болуға және санитарлық талаптарды сақтауға шақырды.
Эбола алғаш рет Конгода 1976 жылы анықталған. Содан бері елде бұл індеттің 17-ші рет өршуі тіркеліп отыр. 2018–2020 жылдар аралығындағы ең ірі індет кезінде мыңнан астам адам қайтыс болған.