Римдегі кітапхана архивінен ғалымдар ағылшын тіліндегі ең көне өлеңнің бұрын белгісіз болған көшірмесін тапты. IX ғасырға жататын қолжазбада «Кэдмон гимні» атты көне ағылшын өлеңі сақталған, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
Қолжазба Рим ұлттық орталық кітапханасының қорынан анықталған. Зерттеушілердің айтуынша, бұл мәтін VIII ғасырда латын тілінде жазылған Беданың «Ағылшын халқының шіркеулік тарихы» еңбегінің көшірмесінің ішінде жасырын түрде сақталып келген.
Тоғыз жолдан тұратын поэманың авторы ретінде Солтүстік Йоркширдегі Уитби өңірінің бақташысы Кэдмон аталады. Аңыз бойынша, ол Құдайдың аянынан кейін әлемнің жаратылуын мадақтайтын жыр шығарған.
Жаңа табылған нұсқаның ерекшелігі – көне ағылшын мәтіні латынша қолжазбаның шетінде емес, негізгі мәтіннің ішінде берілген. Бұған дейін мұндай тәсілмен жазылған ең ерте нұсқа XII ғасырға тиесілі деп есептеліп келген. Осылайша, Римдегі қолжазба бұл деректі шамамен үш ғасыр артқа жылжытты.
Зерттеуді жүргізген Trinity College Dublin ғалымдары Элизабетта Маньянти мен Марк Фолкнер қолжазбаның цифрланған көшірмесін алғаш Дублиннен зерттеген. Кейін олар Римге барып, түпнұсқамен жұмыс істеген.
Ғалымдардың айтуынша, бұл жаңалық Беданың еңбегінің Еуропаға қалай таралғанын тереңірек түсінуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар ол орта ғасырларда Англия мен Италия арасындағы мәдени және діни байланыстардың болғанын дәлелдейді.
Мамандардың пікірінше, қолжазбаның цифрландырылуы болашақта осындай көптеген тарихи жаңалықтардың ашылуына жол ашуы мүмкін.