Президент Қасым-Жомарт Тоқаев Түркі мемлекеттері ұйымының бейресми саммитінде Түркістан облысының экономикалық әлеуеті артып келе жатқанын атап өтті, деп хабарлайды turkystan.kz.
Сондай-ақ Мемлекет басшысы Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа мешіт ашылғанын айтып, бұл нысанды қазақ-өзбек ынтымағының тарихи символы деп бағалады.
«Аймақтың экономикалық әлеуеті жыл өткен сайын артып келеді.
Былтыр облыстың экономикасы 9,3 пайызға өсті, оның көлемі 10 миллиард доллардан асты. Аймаққа 3,5 миллиард доллар инвестиция тартылды.
Алқалы жиынды осында өткізудің мақсаты – атажұртта бауырлас елдердің көшбасшыларымен жүздесу, қайта түлеген Түркістанды төрткүл дүниеге таныту.
Біз киелі орданың тарихы қандай терең болса, болашағы да сондай жарқын боларына нық сеніммен қараймыз.
Осы мүмкіндікті пайдаланып, бүгін Түркістанда Өзбекстанның қолдауымен жаңа зәулім мешіт ашылғанын үлкен ризашылықпен атап өткім келеді.
Ерекше тарту жасағаны үшін Өзбекстан Президенті, аса қадірлі Шавкат Миромонұлы Мирзиёевке және өзбек халқына алғысымды білдіремін.
Елдеріміздің руханиятындағы осы мешіттің орны ерекше болмақ. Бұл – қазақ-өзбек халықтары ынтымағының тарихи символы», – деді Мемлекет басшысы.