Жасыл желек көмкерген елорда

Бүгін, 16:00 / Арайлым Жолдасбекқызы
Астана әкімдігі

Елорданың сәулеттік шежіресі мен заманауи даму стратегиясы соны белеске көтерілді. Биылғы абаттандыру жобалары Астананың урбанистік келбетіне жаңа тыныс беріп, қала орталығы мен шеткі аудандардағы демалыс аймақтарының деңгейін біртұтас сапалық стандартқа ұластырды. Адам игілігіне басымдық беретін жаңа қала құрылысы парадигмасы аясында жаяу жүргіншілерге жайлы жолдар мен кедергісіз инклюзивті орта қалыптастыру жұмыстары жүйелі сипат алып отыр. Әлемдік мегаполистердің озық тәжірибесі мен жергілікті ландшафттың өзіндік ерекшелігі ұштасқан бұл трансформация елорданы қолайлы ортаның жаңа символына айналдырды.

Бас қаланың 2035 жылға дейінгі жаңа Бас жоспары бойынша 750-ге жуық аула мен қо­ғамдық кеңістік абаттандырылады. Биыл шаһарда жаңа саябақтар, жаяу жүргіншілер аймақтары мен демалыс орындары ашылып, негізгі көшелер мен жағалауларды жаңғырту жұмыстары өз жалғасын табуда. Ауқымды кө­галдандыру жұмыстары да басталып кетті. Биыл шамамен 173 қоғамдық және аула аумағын абаттандыру, сондай-ақ 1,1 миллионнан астам жасыл желек (көшеттер, бұ­талар, гүлдер, ағаштар) отырғызу жос­пар­ла­нып отыр.

Қаладағы ең ірі нысандардың бірі «Мың­жыл­дық» аллеясындағы жұмыстың бірінші ке­зеңі басталды. Қала тұрғындары мен қо­нақ­тары демалатын кө­лік­сіз кеңістіктің ұзындығы 4 шақырымнан аса­ды. Қалалық ортаны дамытуға бағыт­тал­ған жоба бір мезгілде екі жерде – Қ.Қуа­ныш­баев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық-дра­ма театрының маңында және «Нұрлы жол» вокзалының жанында басталды. Жоба аясында вокзал маңындағы саябақ та абат­тан­дырылады. Бұл – серуендеуге, демалуға жә­не қала өміріне арналған жаңа жасыл кеңіс­тік. Сонымен қатар қаланың алғашқы әсе­рін қалыптастыратын теміржол вокзалы маңындағы парк жобасын іске асыру жос­пар­лануда.

Аллея алдағы жылдары қаланың қоғам­дық кеңістік жүйесінің бір бөлігіне айнал­мақ. Мұнда көгалдандыруға, жаяу жүргін­ші­лерге ыңғайлы маршруттар ұйымдастыруға және заманауи қалалық ортаны қалып­тас­тыру­ға ерекше көңіл бөлінеді. Абаттандыру жұ­мыстары кезең-кезеңімен жүргізілмек, ал­леяның жекелеген учаскелері біртіндеп өзара түйісіп, тұтас кеңістікке айналады.  Жос­пар бойынша «Мыңжылдық» аллеясы елор­даның Сулы-жасыл же­лекті бульвардың жалғасы ретінде үлкен әрі жайлы жасыл саябаққа айналуға тиіс.  
Сондай-ақ жақында тұрғындар мен қала қонақ­та­рына арналған заманауи демалыс аймағы Samal Park ашылды. Әл-Фараби даңғылы, Керей мен Жәнібек хандар көшесі және Бұ­қар Жырау көшелерінің арасында орна­лас­қан бұл саябақ қысқа уақыт ішінде көп­ші­лік­тің көңілінен шығып үлгерді. 

Жаңа парк өзге демалыс орындарынан ерек­ше. Тек серуендеуге арналған жолдар ға­на емес, мұндағы инфрақұрылым әртүрлі жас­тағы тұрғындарға ыңғайланып жасалған. Келу­шілерге барлық қолайлы мүмкіндік қарас­тырылған. Саябақ аумағында тынығу ай­мақтары мен орындықтар, жаяу серуен­деуге арналған кең жолақтар, шағын көлшік пен көпірлер орналасқан. Балалар ойын алаңының бірнеше түрі бар,  көлеңке беретін жасыл желек пен ағаштар егілген. 

Сонымен қатар футбол, баскетбол, тен­нис алаңдары мен workout аймақтары қарас­тырылған. Қыс мезгілінде кейбір аумақтарды мұз айдынына айналдыру жоспарланған. 
Samal Park саябағында әсіресе кішкентай ба­ласы бар ата-аналарға ерекше қолайлы жағ­дай жасалған. Мұндағы жаяу жүргінші жол­дары тегіс әрі кең болғандықтан, балалар ар­басымен еркін жүруге болады. 

– Паркке күн сайын балаларыммен, не­мере­леріммен келеміз. Мұнда ең ұнайтыны – серуен­деуге арналған жолдардың көптігі. Жаяу жүруге де, арбамен қозғалуға да өте ың­ғайлы. Көпірлері бар, бәрі жақсы ой­лас­тырылған, – дейді қала тұрғыны.

Серуендеуге, күнделікті қозғалысқа және қа­ла өміріне арналған біртұтас Greenline жаяу жүргіншілер бульварында да құрылыс жұ­мыстары қызу жүріп жатыр. Жаяу жүр­гіншілер желекжолының екінші кезеңінің құрылысы Төле би көшесінен Әнет Баба көшесіне дейін және Күлтегін көшесінен Айтматов көшесіне дейін жалғасады. Жоба ая­сында ірі ағаштар отырғызу арқылы көгал­дандыру күшейтіледі, көлеңке мен жайлы мик­роклимат қалыптасады. Демалыс аймақ­тары мен қалалық жиһаз орнатылады, біре­гей дизайн-код енгізіліп, артық визуалды шу жоқ жинақы әрі тыныш орта болады. Сон­дай-ақ кешенді көгалдандыру, тоғандар жүйе­сі, ойын және спорт аймақтарын салу қарас­тырылған. 

Қаладағы көшелер мен даңғылдарды абат­тандыру бойынша жергілікті жобалар да жүзеге асырылып жатыр. Мәселен, Кене­сары көшесінің ұзындығы 1,25 шақырым болатын аумағы абаттандырылады, ал    Қ.Мұңайтпасов атындағы стадион алдын-дағы жаңа аллея демалыс орны бар заманауи қо­ғам­дық кеңістікке айналады. Момышұлы даң­ғылындағы ұзындығы 1,5 шақырым бо­ла­тын аумақта жаяу жүргіншілер жолы са­лы­нып, көгалдандыру және заманауи абат­тандыру жүргізілмек. 

Қалада Есіл өзенінің бойында үздіксіз жаяу жүру маршрутын қалыптастыру жал­ғасуда. Биыл жазда Ақбұлақ каналы арқылы жаңа көпір ашу жоспарланып отыр. Ол триат­лон саябағының жағалауын Ататүрік саябағымен байланыстырады.

Жұмыс қаланың ірі жасыл аймақтарында да жалғасады. Президенттік саябақ, Бейбіт­ші­лік және келісім паркі (жаңа Конгресс ор­талығына екінші кезек), «Қалалық романс» сая­бағы (екінші кезек), сондай-ақ «Кіші Тал­дыкөл» эко-паркін құру басталады, онда эко­жүйені сақтауға ерекше назар ауда­ры­лады.

Абаттандыру жұмысы қаланың барлық ау­данында жүргізіліп жатыр. Жобалар орта­лық­ты ғана емес, елорданың тұрғын аудан­дарын қамтиды. Атап айтсақ, Байқоңыр ауданындағы «Тұлпар» сауда үйі жанындағы саябақ, №119 мектептің жанындағы жаңа алаң­дар, Пушкин көшесін абаттандыру жұ­мыстары жалғасуда. Алматы ауданы бойын­ша Сәтбаев көшесі мен Момышұлы даңғы­лы­ның қиылысындағы жаңа алаңды, Мо­мыш­ұлы даңғылы мен Құдайбердіұлы кө­ше­сін жаңарту қолға алынып отыр. Сарайшық ауданындағы Қошқарбаев даңғылына да абаттандыру жұмыстары жүргізіледі. 

Бүгінгі Астана эстетикалық тартым­ды­лық пен экологиялық тұрақтылық үйлесім тапқан сәнді қалаға айналып келеді. Жүйелі абаттандыру жұмысы келер жылы да жалға­сын тауып, қаланың рекреациялық әлеуетін толыққанды ашуға және біртұтас экожүйе қалыптастыруға мүм­кіндік береді.