Қазақстанда вейпке ресми түрде тыйым салынғанына бірнеше жыл өтсе де, «көлеңкелі» желіге көшіп, жасөспірімдерге қолжетімді болып отыр.
Көрінбейтін кесел
Елімізде 2024 жылдан бері вейптерге ресми түрде шектеу қойылды. Оларды елге әкелуге, сатуға және өндіруге болмайды. Темекі өнімдерін, электронды вейптерді, хош иістендіргіш сұйықтықтарды сатқаны және таратқаны үшін Қылмыстық кодекстің 301-1 баптың 1-бөлігі бойынша 200 АЕК (865 000 теңге) көлемінде айыппұл не болмаса 200 сағат қоғамдық жұмыстарға тарту түріндегі жаза көзделеді немесе 50 тәулікке қамауға алынады.
Ал вейптерді әкелгендер мен өндіргендер 301-1-баптың 2-бөлігіне сәйкес 2000 АЕК көлемінде айыппұл салуға (7 млн 384 мың теңге) не болмаса 600 сағат қоғамдық жұмыстарға тартуға немесе мүлікті тәркілеумен (немесе тәркілеусіз) 2 жылға дейінгі мерзімге бас бостандығын шектеуге не бас бостандығынан айыруға жазаланады.
Вейпке салынған ресми тыйым заңсыз сауданың жолын кесе алмай тұр. Заңның қабылданғанына екі жылға жуықтаса да тыйым салынған өнім сақталған ірі қоймалар анықталып, «кәсіпкерлер» мен курьерлер ұсталып жатыр. Қаржылық мониторинг агенттігінің мәліметі бойынша былтыр жарты жылдықта заңсыз вейп айналымына қатысты 32 жағдай тіркеліп, 440 000-нан астам данасы тәркіленіп, жойылған. Биыл ақпан айында Алматы прокуратурасының Экономикалық тергеп-тексеру департаменті ірі қылмыстық топты құрықтады.
– Тергеу барысында 180 мыңнан астам вейп тәркіленіп, жойылды. Оларды сатудан түсуі мүмкін табыс 1 миллиард теңгеден асуы ықтимал болған. Қоймалар мен сату нүктелері анықталды. Күдіктілердің мүлкіне 347 миллион теңге көлемінде шектеу салынды, – деп хабарланды.
Іс бойынша алты адам жауапкершілікке тартылған. Ал бүкіл республика бойынша ұсталмаған қанша «кәсіпкердің» бар екенін болжау қиын. Өйткені сауданың бұл түрі мессенджерлер мен әлеуметтік желілерге көшіп, бақылау қиындаған. Ең қауіптісі, өнімдердің кәмелетке толмағандарға, соның ішінде мектеп оқушыларына белсенді түрде таратылатыны.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымы мен Қоғамдық денсаулық сақтау орталығының бірлесіп жасаған зерттеу қорытындысына қарағанда, Қазақстанда 11-15 жастағылардың шамамен 10 пайызы вейп қолданады. Ұлттық денсаулық сақтау орталығының мәліметінше, 11 жасар жасөспірімдердің 3,4 пайызы, 13 жастағылардың 4,8 пайызы, 15 жастағы жастың 9,8 пайызы жасанды шылымға әуес. Ұлттық статистика бюросының 2025 жылғы зерттеуі бойынша, 15-17 жас аралығындағы жасөспірімдер арасында темекі (соның ішінде электронды құрылғылар) тұтыну көрсеткіші 1,2 пайыздан 3,6 пайызға дейін өскен.
Дүниежүзілік денсаулық сақтау ұйымының былтырғы есебіне сәйкес, жасөспірімдер вейпті ересектерге қарағанда 9 есе жиі тартады екен. Тыйымға дейін Алматы мен Астанадағы 21 жасқа дейінгі жастардың 80 пайыздан астамы апта сайын вейп сатып алғаны анықталған. Бұл жай ғана статистика емес, жасөспірімдердің денсаулығына төнген үлкен қауіп.
Бұрын вейп никотин жапсырмалары немесе сағыздарына қарағанда қаттырақ тәуелділік тудырмайды деп есептелетін. Алайда мұндай сауалнамалардың көбі темекі шегетін адамдар арасында жүргізіліп келді. Соңғы зерттеулер бұрын никотин қолданбаған адамның вейптің тұзағына оп-оңай түсетінін көрсетіп отыр. Сондықтан қазіргі вейп бұрын темекі шегіп көрмегендерді өз құрсауына тез түсіреді екен.
Көшелерде, сауда үйлерінде және әлеуметтік желілерде вейп саудасы бұрынғыдай ашық жүрмесе де, астыртын түрде таралып жатыр. Статистикаға сүйенсек, заңсыз айналым тыйым салынғаннан кейін 120 есе артқан. Яғни, тыйым салынғаннан соң бірден заңсыз тауар айналымы көбейген. Оның мұнша артуы құқық қорғау органдарының бұл бағыттағы жұмыстарын әлі де күшейтуі қажет екенін көрсетіп отыр.
Вейп қалай келеді?
Ішкі істер министрлігінің мәліметіне сүйенсек, заң күшіне енгелі бері бірнеше мыңдаған электронды вейп пен оған арналған сұйықтықтар тәркіленген. Олардың көбісі контрабандалық жолмен, яғни басқа тауарлардың атын жамылып жеткізілген. Контрабандада ең жиі қолданылатын әдіс – жалған декларация. Құжаттарда вейптің орнына басқа тауарлар көрсетіледі. Флешкалар, жарықдиодты шамдар, электр тіс щеткалары немесе ойыншықтар тұрмыстық техника ретінде рәсімделеді. Құрылғының пішініне қарай кеңсе құралдары ретінде қаламсаптар немесе маркерлер деп жазылады. Тіпті үлкен контейнерлердің түбіне вейп салып, бетін заңды қосалқы автобөлшектермен жауып тастайды. Сонымен қатар кейінгі жылдары вейптер «карго» компаниялар арқылы өткізіле бастаған. Өйткені бұл өте тиімді. Онда мыңдаған зат араласып жататындықтан, әрбір қорапты ашып тексеруге кеденшілердің уақыты мен ресурсы жете бермейді. Бұдан бөлек Қазақстан Еуразиялық Экономикалық Одақ мүшесі болғандықтан, Ресей немесе Қырғыз Республикасымен арадағы шекарада кедендік бақылау жеңілдетілген. Егер тауар Ресейге кірсе, оны Қазақстанға қарапайым жүк көлігімен өткізу оңайырақ. Шекарадағы тексеріс көбіне тек құжаттарды қараумен шектелсе, бұл қылмыскерлердің ұсталу ықтималдығын азайтады.
Заң құрығы ұзарған сайын қылмыс жасайтындар да әртүрлі айла-тәсілдерді қолдана бастаған. Соның бірі – вейпті бөлшектеп әкелу. Яғни, аккумуляторлар бөлек, пластик корпустары бөлек, сұйық-тықтары бөлек келеді. Бұл заттар жеке-жеке «электронды бөлшектер» немесе «хош иістендіргіштер» ретінде заңды көрінуі мүмкін. Олар елге кірген соң жасырын цехтарда құрастырылады.
Мұндай «схемаларға» қарсы қазір шекарада бақылау да күшейген. Мәселен, заманауи сканерлер жүктің тығыздығына қарап, ішінде не барын (тіпті ол темір қораптың ішінде болса да) анықтай алады. Егер жүк тасымалдаушы компания бұрын заң бұзған болса немесе жүк «күмәнді» елден келсе, ол міндетті түрде 100 пайыз тексеруге жіберіледі. Бұл бағытта кинологтардың да еңбегі ерен. Арнайы үйретілген иттер сұйықтықтар мен химиялық қоспалардың иісін сезе алады. Осындай алдын-алу шараларына қарамастан заңсыз айналымның күшеюі сыбайлас жемқорлық пен шекарадағы техникалық бақылаудың жеткіліксіздігінен хабар береді.
Ата-аналардың уайымы
Елге жеткізілген жасанды темекілердің жастар арасында кең таралуына әлеуметтік желілер мен мессенджерлердің «үлесі» зор екенін жоғарыда айттық. Жасөспірімдерге вейп сатып алу үшін дүкен аралаудың қажеті жоқ. Бәрі смартфонның ішінде. Telegram-боттар арқылы тапсырыс береді, ақшаны бейтаныс біреудің карта-сына аударады, ал тауарды курьер әкеледі.
Көлеңкелі нарықтың өсуі және жеткізу қызметтері арқылы бақылаудың қиындауы ата-аналарға үлкен уайым болып отыр. Өйткені ата-аналар банк қосымшасы арқылы баласының қанша теңге жұмсағанын, дүкен атауын және қашан төлем жасағанын ғана көре алады. Егер бала жеткізу қызметіне 5 000 теңге төлесе, сіз тек «Доставка» деп шыққан транзакцияны көресіз, бірақ ол тамақ па, әлде вейп пе, оны білу мүмкін емес.
Құзырлы органдар жеткізу қызметтеріне тексеру жүргізгенде бірқатар кедергіге тап болады екен. Ең бірінші, курьер тасымалдап бара жатқан қорап – жеке мүлік немесе тапсырыс. Заң бойынша полиция қызметкеріне кез келген курьерді тоқтатып, «ішінде не бар?» деп қорапты ашуға рұқсат жоқ. Ол үшін нақты қылмыстық іс немесе шағым болуы керек. Екінші жағдай – курьер пакет ішінде не барын білмейді. Оған тек «А нүктесінен Б нүктесіне пакетті жеткіз» деген тапсырма беріледі. Егер пакет ішінен вейп табылса, курьер «мен тек тамақ немесе құжат деп ойладым» деп жауапкершіліктен қашады. Үшіншіден, тапсырыстар көбіне Telegram-боттар арқылы жүргізіледі. Сатушы мен сатып алушы бір-бірін танымайды, ал төлем үшінші тұлғалардың карталарына аударылады.
Бізде заң бойынша жауапкершілік көбіне сатушыға жүктеледі. Ал жеткізуші компаниялар мен курьерлер «біз тек тасымалдаушымыз» деген желеумен жауапкершіліктен жалтарады.
Полиция қызметкерлері қылмыскерлерді ұстау үшін жасөспірім ретінде немесе жасырын сатып алушы ретінде тапсырыс береді. Курьер келген кезде оны ұстап, тауардың қайдан шыққанын, қойманың қайда екенін анықтайды. Сонымен қатар Glovo, Wolt, Яндекс сияқты ірі сервистерге курьерлер арқылы заңсыз заттарды тасымалдауға шектеу қоюды талап етуде. Бірақ бұл компаниялар тек «делдал» болғандықтан, әр пакеттің ішін көруге техникалық мүмкіндігіміз жоқ деп ақталады. Ішкі істер министрлігінің киберқылмыспен күресу жөніндегі департаменті былтырдан бері мыңдаған telegram-арнаны бұғаттаған. Бірақ мұндай мессенджерлер тым көп. Жауыннан кейінгі саңырауқұлақтай бірін жапса, бірнешеуі ашылып жатады. Бұл жағдайда тек мемлекеттік бақылау емес, ата-аналардың баланың шығындары мен әлеуметтік желілеріне мұқият болғаны аса маңызды.
Мамандар ол үшін баланың телефонына қандай бағдарламалар орнатылғанын, жеткізу сервистерін қанша уақыт қолданатынын көріп отыру керек деп кеңес береді. Смартфонға жаңа бағдарлама орнатқанда ата-анадан рұқсат сұрайтындай етіп қоюға болады. Екінші жолы – банк қосымшасында баланың картасына лимит қою. Ірі сомаларға шектеу қою арқылы күмәнді заттарды сатып алудың алдын алуға болады. Өкінішке орай, заңсыз нарық кез келген банктік бақылауды айналып өте алады. Сондықтан балаңыздың шығындары жиілеп, «доставка» немесе бейтаныс жеке тұлғаларға аударымдар көбейсе, бұл назар аударатын белгі.
Заңсыз вейп сатылымына қатысты курьерлерге міндетті тексерісті енгізу ұсынылып отыр. Оған сай курьер пакетті алғанда ішінде тыйым салынған зат жоқ екеніне көз жеткізуге тиіс. Сонымен қатар жеткізу қызметтері арқылы темекі немесе күмәнді заттарды тапсырыс бергенде, сатып алушының жасын Digital ID арқылы растауды міндеттеу керек. Кейбір қоғам белсенділері заңсыз тауар тасымалдаған логистикалық компанияларға айыппұлды аямай салу керек деген пікірде.
Медицина мамандары вейптегі тұзды никотин кәдімгі темекіден әлдеқайда қауіпті екенін айтып дабыл қағуда. Ол қанға 3-5 секундта сіңіп, жасөспірімнің дамып келе жатқан миын зақымдайды. Ал хош иістендіргіштердің құрамындағы химиялық элементтер өкпе ауруына әкеледі.
Вейптің қауіптілігі сонда, адам кәдімгі темекінің қашан таусылатынын біледі, ал вейптің құрамындағы никотин концентрациясы өте жоғары және оны тоқтаусыз тарта беруге болады. Бұл жүрек-қан тамырлары жүйесіне үлкен салмақ түсіреді. Ал заң тұрғысынан алғанда, қазір вейп сату есірткі сатумен бірдей деңгейдегі қылмыс.
Қазір құзырлы органдар тарапынан жүргізіліп жатқан бақылау шаралары көбіне рейдтік тексерулермен ғана шектеліп отыр. Әрбір курьердің сәлемдемесін тексеруге мемлекеттің ресурсы да, заңдық өкілеттігі де жетпейді. Осы құқықтық саңылау мен бақылаудың әлсіздігін пайдаланған жасөспірімдер тыйым салынған өнімге еш кедергісіз тапсырыс беріп, тұзағына түсуде. Түйіндей айтқанда, заңның қаталдығы оның орындалуымен өлшенбесе, көлеңкелі нарық ұлт саулығын іштен кеміре бермек. Сондықтан бұл мәселеде тек мемлекеттік тексеріске ғана емес, қоғам мен отбасының ортақ жауапкершілігіне басымдық беретін уақыт жеткендей.