Ғазиза Құдайберген: Еліміздегі кітапханалар тарихын зерттеу керек

Бүгін, 15:00 / Túrkistan Gazeti

Ғазиза Құдайберген – елімізге белгілі кітапхана маманы. Ол Алматыдағы Жамбыл атындағы қалалық жасөспірімдер кітапханасы мен Астанадағы Ұлттық академиялық кітапхананы басқарған жылдары көптеген игі бастаманы жүзеге асырды. Кітапханаға оқырман тарту мақсатында кәсіби шараларды ұйымдастыру арқылы өзі жетекшілік еткен кітапханаларға келушілер санын көбейтті. Осылайша, Қазақстанды кітап оқитын елге айналдыру жолында жемісті еңбек етіп келеді. Қазір ол Алматыдағы Қазақстан Республикасының Ұлттық кітапханасы директоры қызметін атқарады. Біз бұл сұхбатты еркін форматта өткіздік. Нақтырақ айтқанда, Ұлттық кітапхананы аралап жүріп, әңгімелестік.

Ұлттық кітапханамыздың байлығы өзге елдердегіден кем түспейді

Технологияның дамуына орай қазір кітап оқу үрдісі де өзгеріп жатыр. Кітап­тың қағазға басылып шыққан түрін айт­пағанда, оның электронды нұсқасын оқи­тындардың қатары да көбейіп келеді. Сон­дықтан кітапханалар өз қорындағы кітап­тарды оқырмандардың еркін пайд­а­лануы­на мүмкіндік жасап, авторлық құқық та­лаптарын негізге ала отырып, олардың электронды нұсқаларын әзірлеуге көшті. Оның басында Ұлттық кітапхана тұр. Мә­селен, kazneb.kz сайты арқылы электронды кі­тапханадағы кітаптарды оқырмандар смарт­фон арқылы кез келген жерде отырып оқи алады.

Кітапхананың бірінші қабатындағы си­рек кітаптар мен қолжазбалар қоры – кітап­ха­­­наның ерекше қызмет бағыттарының бірі. Қор­да 40 мыңға жуық сирек кітап пен  1 000-нан астам қолжазба бар. Ал мынау – жақында Ұлт­тық кітап күніне орай қойылған ми­ниатюра кітаптар. (Кітапхана қорындағы үл­­кендігі сіріңкенің қорабындай кітаптар көр­сетілді).

Біз шетелге барып келіп, «онда мынадай бар, мұндай бар» деп айтып жатамыз, бірақ өзі­міздегі құндылықтарды толық біле бер­мейміз. Кейінгі үш жылдың ішінде жиырма шақ­ты мемлекетке бардым. Біздің кітапха­на­лар шетелдік кітапханалардан кем емес. Мә­селен, біздің қорда 13 тілде 40 мың сирек кі­тап сақталған. Олардың арасында араб қар­пінде басылған, түркі, шағатай, парсы тіл­деріндегі қолжазбалар мен баспа кітаптар бар.

Баспа кітаптардың жеке каталогы бар, ал жетіспейтіндері толықтырылу үстінде. Бү­гін ғана түркі тіліндегі қолжазбалардың үш тілде дайындалған каталогы баспаға жі­бе­­­рілді. Оның араб тіліндегі нұсқасы бес том­нан тұрады: бірінші томы дайын, екінші то­мы жуық арада жарық көреді.

Сондай-ақ Корея үшін құнды мұра «Мун­хонбиго» еңбегінің 50 томы біздің қорда сақ­таулы. Бұл – Чосон әулеті кезеңіндегі Корея­ның тарихы, мемлекеттік құрылымы, мә­дениеті мен экономикасына арналған аса ауқымды энциклопедиялық еңбек. Мұндай құн­дылықтар ғылыми айналымға еніп, та­рих игілігіне қызмет етуі тиіс.

Үлкен оқырман залы. Мұнда әр елдің ел­шіліктері арқылы ашылған орталықтар ор­наласқан. Мәселен, Түркия мен Қытайдың кітап орталықтары бар. Бұл, бір жағынан, кі­тапхана қорын шетелдік әдебиеттермен то­лықтыруға мүмкіндік береді. Қазір АҚШ ел­шілігімен де келіссөз жүргізіп жатырмыз. Олар­да ағылшын тілін үйренуге қажетті ма­териалдар өте көп.

Кейінгі жылдары кітапхана қоры мемлекеттік тапсырыс аясында түрлі бағдарламалар арқылы шығарылған кітаптармен толықтырылып келеді. Бұл мақсатқа мемлекет тарапынан қомақты қаражат бөлінеді. Мәселен, өткен жылдың соңында министрлік кітап сатып алу үшін 10 миллион теңге бөлді. Бұл қаражат негізінен оқырмандар сұранысына ие экономика, маркетинг, медицина сияқты салалық әдебиеттерді алуға жұмсалады.

Сирек қордағы құнды дүниелерді халық игілігіне айналдыру керек

Астанадағы Ұлттық академиялық кітап­хананы басқарған кезімде «Сирек кітаптар сөйлейді» деген жобаны бастағанмын. Өйт­кені көптеген кітапты тек белгілі бір сала­ның мамандары ғана біледі. Қазір бұл жо­баны «Ұрпақ оқымаған кітап» деген атаумен жал­ғастырып жатырмыз. Сирек кездесетін кітап­тар мен газет-журналдарды цифрлық фор­матқа көшіру жұмыстары жүргізілуде.

Сирек қордағы дүниелерді жинақтау мақ­сатында былтыр кітапхана жанынан Қол­жазбатанушылар ассоциациясы құрыл­ды. Жеке адамдардың қолында сирек кітап­тар мен қолжазбалар көп, қазір соларды жинау жұмыстары жүргізіліп жатыр. Сирек қорды оқитын мамандар аз болғандықтан, төте жазу курсы ашылды. Оған қатысқан ал­ғаш­қы екі топ оқуын аяқтап шықты. Со­ны­мен қатар шағатай тіліндегі қолжазбалар бойынша аптасына тұрақты түрде түсіндірме лекциялар ұйымдастырылады.

Кітапханамызда барша оқырман пай­дала­натын Kazneb.kz электронды ұлттық кітап­ханасының негізгі қоры дайындалатын бө­лім. Елдің сайттан оқып жүрген кітап­та­ры­­ның PDF нұсқалары осы жерде әзір­ленеді.

Жалпы, кітапхана қорында 7 миллион 200 мыңға жуық материал бар. Оның ішінде кітап­тар, мерзімді басылымдар, қолжазбалар сақ­талған. Сондай-ақ диафильм пленка­сын­да сақталған газеттер де бар. Бұл форматтағы материалдар ұзақ уақыт бүлінбей сақталады. Оларды арнайы құрылғы арқылы ғалымдар пайдаланады.
Өнер залы. Бұл қор көбіне қосалқы қор ре­тінде қарастырылады. Мұнда өнердің түр­лі бағыттарына қатысты кітаптар, грамплас­тин­калар мен ноталардың үлкен қоры жи­нақ­талған. Басты мақсатымыз – осы мұра­ның барлығын сандық форматқа көшіріп, сақтап қалу.

Сонымен қатар Елебеков атындағы эст­ра­да-цирк колледжі мен Т.Жүргенов атын­дағы Қазақ ұлттық өнер академиясы сту­дент­тері бізде тәжірибеден өтеді. Себебі өнер са­ласына қатысты негізгі қор осында шо­ғырланған. Әсіресе, ноталық басылымдар осы бөлімде сақталады. Дегенмен жалпы өнер тарихы әлі де толық зерттеле қойған жоқ, бұл бағыттағы әдебиеттер бар болға­ны­мен, жеткілікті деп айту қиын.
Мерзімді басылымдар залына келушілер газет-журнал оқып, бұрын жарық көрген басылымдардан қажетті материалдарын қа­рай алады. Ал мына жерде көріп отыр­ға­ныңыздай, оқушылар мен студент жастар отыр. Олар көбінесе топ болып дайын­дал­ған­ды жақсы көреді. Ұлттық кітапхана оқыр­мандары арасында «Ана тілі», Egemen Qazaqstan, TÚRKISTAN, «Қазақ әдебиеті», Aiqyn және «Казахстанская правда» сияқты га­зеттер кеңінен оқылады.

Сондықтан бұл жерге арнайы үстелдер мен орындықтар қойдық. Бұл – залдардың ара­сындағы ашық кеңістік, мұнда жастар ер­кін отыра алады. Аздап дауыстары шық­қаны­мен, ол негізгі залда газет-журнал оқып отыр­ғандарға кедергі келтірмейді.

Сырттан келген адамдарға бұл түсініксіз кө­рінуі мүмкін. Алайда шетел кітапхана­ла­рында мұндай формат кеңінен қолданылады. Мысалы, Америка Құрама Штаттары кітап­ха­наларында бұл Open Space («ашық кеңіс­тік») форматы деп аталады. Біз осы үлгіні Астанадағы кітапхананың фойесінде «Ашық кітапхана» ретінде енгізген едік.
Жастар бұл форматты өте жақсы қабыл­дайды, тіпті көбейтуді сұрап жатады. Өйт­кені олар топтасып, бірге талқылап отырып дайындалғанды ұнатады. Кейбіреулер «оқырмандарыңды еркелетіп жібергенсің» деп айтып жатады.  Кітапханаға келген адам­ға ыңғайлы орта мен жайлылық ұсыну маңыз­ды.

Кейде кітап оқуға келгендердің көңіл-күйі болмай тұратын сәттер болады. Осындай жағдайда оларға жылы қарым-қа­тынас танытсаң, өздеріне назар аударыл­ғанын сезініп, көңілдері көтеріліп қалады. Соның нәтижесінде олар кітапханаға қайта келіп, кітап оқуға ынталана түседі.

Кітапханашылардың еңбегі елеусіз қалмауға тиіс

Адамның интеллектуалдық ой-өрісінің жо­ғары болуы үшін кітап қажет болса, сол кі­таптың оқырманға жетуінде кітап­хана­шы­лардың еңбегі зор. Роза Бердіғалиева сынды кітап­хана ісінің көрнекті қайраткерлері Ұлт­тық кітапхананың бүгінгі дәрежеге кө­терілуіне елеулі үлес қосты. Ол кісі өңірлерде жасөспірімдер кітапханалары жеке болуы керек деп талап етіп жүріп, 1976 жылы Алматыдағы Жамбыл атындағы кітапхана­ның ашылуына мұрындық болды. Кейін Ұлттық кітапхананы да, академиялық кітап­хананы да басқарған.

Назира Дәулетова өмірінің 40 жылдан ас­там уақытын осы кітапханаға арнаған, басшы болып тұрған кезінде кітапхана ғима­ра­тының салынуына жетекшілік еткен. Биыл оның туғанына 100 жыл толып отыр. Осы­ған орай арнайы көрме ұйымдастырдық. Со­нымен қатар жақында оған арналған ғы­лыми-республикалық конференция өткіз­дік. Оның «Қазақстандағы кітапхана ісінің тарихы» кітабының екінші басылымын және «Назира Дәулетова» атты библиографиялық көрсеткішті жарыққа шығардық.

Осындай елге еңбегі сіңген кітап­хана­шы­ларды кеңінен насихаттағым келеді. Abai TV арнасында көрсетіліп жатқан «Ұмыт­пай­мыз» бағдарламасына шығарсам деген ой бар. Өйткені бұл азаматтар қазақты кітап оқи­тын ұлтқа айналдыру жолында аянбай ең­бек етті.

Менің мамандығым кітапханашы бол­ған­дықтан, Қазақстан кітапханаларының тари­хы жүйеленіп жазылса деймін. Былтыр Ұлт­тық кітапхананың 115 жылдығы кезінде біраз ізденіп, түрлі материалдарды қарас­тыр­дым. Сол кезде кітапханаларымыз тура­лы ғылыми деректермен негізделген жүйелі еңбектің жоқ екенін байқадым. Негізінде, кітапхана тарихы – ұлт тарихының бір бөл­шегі.
Мысалы, Оралдағы кітапхана – еліміздегі алғаш­қы кітапханалардың бірі, ашылғанына 150 жылдан асқан. Семейдегі кітапханаға да бір жарым ғасырға жуық уақыт болған. Соны­мен қатар құрылғанына 80-90 жыл болған кітапханалар да бар. Мұның бәрі – тарих.

Сондықтан Қазақстан кітапханалары­ның тарихын жазуды алдағы мақсаттардың бірі етіп отырмыз. Әр кітапхананың қай жылы ашылғаны, онда қанша адам еңбек еткені – бәрі қамтылуы тиіс. Өйткені бірде-бір кітапхана өздігінен қалыптаса салған жоқ. Оны ашқан, қорын толықтырған адам­дар бар.
Мәселен, біздің сирек қор да өздігінен жиналған жоқ. Ондағы кітаптар мен қолжазбаларды кітапханашылар ар­найы экспедициялар ұйымдастырып, ел арасынан жинаған. Кейбірі жеке адамдардың тапсыруы арқылы келген. Осындай еңбектер ұмытылмай, тарих ретінде сақталуы керек.

Зерттеу жұмыстарын жүргізуге де қолайлы орын болуға тиіс

Адамдар кітапханада, мүмкіндігінше, барлық салаға қатысты әдебиеттерді табуы керек. Диссертациялар қорында миллионнан аса диссертациялық қор жинақталған. Оның ішінде кандидаттық, докторлық диссер­тация­лар, қолжазбалар мен авторефераттар бар. Қазір бұл қорларды цифрландыру және электронды нұсқаға көшіру жұмыстары қарқынды жүріп жатыр. Бұл зерттеушілерге 1930-1936 жылдардағы құнды материал­дар­мен танысуға мүмкіндік береді.

Халықаралық электронды базалармен ын­тымақтастықта жұмыс істеп жатырмыз. Оқыр­мандар үшін әлемдік деңгейдегі элек­трон­ды базаларға қолжетімділік ұйымдас­тырылған. Кітапхана Халықаралық деңгейде сертификатталған электрондық сайттарға жазылды. Олардың қатарында SCOPUS база­сындағы ғылыми, кәсіби басылымдардың бірнешеуі оқырмандарға қолжетімді. Санкт-Петербургтегі Президенттік кітапхананың локальді қорларына тегін рұқсат берілген. Бұл, әсіресе, медицина, вирусология және им­мунология саласындағы зерттеушілер үшін өте маңызды.

Қазіргі заманғы кітапхана тек кітап оқу орны емес, сонымен қатар бос уақытты тиім­ді өткізу орталығына айналуда. Оқырмандар үшін тегін Wi-Fi, коуоркинг аймақтары, тіпті үстел теннисін ойнауға арналған орындар қарастырылған. Сондай-ақ алыс-жақын шетелдерден келетін ғалымдар мен студент­терге арналған арнайы залдар жұмыс істейді.

Бізде араб тіліндегі баспа кітаптар, араб қар­піндегі газет-журнал деген кезде бәрі дін, философия, тарих, шежіре туралы деп ой­лайды. Мына жерде космография, матема­ти­ка, медицина, мемлекеттік басқару, педа­го­ги­ка, мәдениет, филология, логика, эконо­ми­каға дейін бәрі табылады, тіпті, арасында араб тіліндегі алгебра кітабы да бар.

Бұл араб тіліндегі баспа кітаптар ката­логы. Бұл каталогтардың дерегін зерт­­­­теушілер біледі. Мына жерде не туралы еке­нінің бәрі жазылған. Бұлардың бәрін өзге кі­таптар сияқты қорға шығарып қоя алмай­мыз. Сондықтан осы жерден қарайды. Мұн­дай сирек еңбектерге арналған библиогра­фия­лық сипаттама деген болады. Соның ха­лықаралық стандартын жасасақ, осындай дү­ниелерді шетелдік базаларға көрсете ала­мыз.

Реставрация және консервация орта­лы­ғында құнды жәдігерлер мен ескі кітаптарды қал­пына келтіруге арналған реставрация ор­талығы жұмыс істейді. Мұнда құжаттарды шаң­нан, микроорганизмдерден тазарту, қа­ғаз­дың қышқылдығын анықтау және оны бейтараптандыру сияқты күрделі химиялық-биологиялық жұмыстар жүргізіледі. Ор­та­лық мамандары халықаралық жобалар ая­сын­да шетелдік әріптестерімен тәжірибе ал­масып, біліктіліктерін арттырып отырады.

Жобалардың берері көп

Ұлттық кітапхана қызметкерлерінің атса­­лысуымен бір ғылыми және бір көпші­лік­ке арналған журнал жарық көріп келеді. Бірі – «Кітап және кітапхана», екіншісі – кә­сіби бағыттағы КБК («Кітапхана, библиог­ра­фия, кітапханатану») журналы. Соңғысы са­ла мамандарына арналса, алғашқысы қа­лам­герлерге, баспагерлерге және жалпы оқыр­ман қауымға бағытталған. Журнал түр­лі айдарлармен жылына төрт рет шы­ғады.

Кітапханада ғылыми-әдістемелік бөлім бар. Бұл бөлім Қазақстандағы кітапханалар үшін әдістемелік орталық қызметін атқара­ды.

Былтыр ғылыми кеңес құрдық. Әл-Фара­би атындағы Қазақ ұлттық университеті құ­­­­рамындағы кітапханашыларды даярлай­тын факультет, одан бөлек Философия фа­культеті, сондай-ақ Қазақ ұлттық қыздар пе­да­гогикалық университеті мен Тарих инс­титутының мамандарын тарта отырып, ғы­лыми кеңес жасақтадық.

Өйткені біз кітапхананың өз ішінде түр­лі каталогтар мен библиографиялық көр­сеткіштер шығарамыз. Мұндай жұмыстарды тек өзіміз ғана шешпей, ғылыми ортаға ұсы­нып, мамандардың пікірін алып, тал­қылаудан өткізгеннен кейін ғана оқырманға ұсынуды жөн көреміз. Қазір деректерді бұр­малау мәселесі бар, сондықтан мұндай қадам өте маңызды.

Былтырдан бері бірқатар библиог­ра­фия­лық көрсеткіштер мен монографиялар жа­рық көрді. Ұлттық университеттің Фило­со­фия факультетімен бірлесіп «Қазақ фило­соф­тары» жобасын бастадық. Бұл жоба ая­сын­да қазақ философтарының библиогра­фиялық көрсеткіштері әзірленуде. Өткен жы­лы біреуі шықса, биыл үшеуін шығару жос­парланып отыр.

Жалпы, әр сала бойынша жүйелі кітап­ха­налық база қалыптастыру қажет. Ол үшін қор­дағы материалдарды реттеп, сақтау және зерт­теушілерге ақпарат алуды жеңілдету маңызды. Сонда оқырман қажетті ақпаратты із­деуге артық уақыт жоғалтпайды.

Биыл Отырар кітапханасына байла­ныст­ы «Ғасырлар құпиясындағы Отырар кітап­ханасы» атты монография шығардық. Оған белгілі ғалымдар өз пікірлерін білдірді. Бұл еңбекті Ұлттық кітап күні мен Кітап­хана­шылар күніне арналған үлкен тарту деп есептейміз. Енді оны кеңінен тарату үшін демеушілер іздеп, Қазақстандағы барлық кітапханаларға жеткізу жоспарда бар. Осы арқылы жұртшылық ежелгі Отырар кітап­ханасы туралы нақты мәліметтермен таныса алады. Әйтпесе, әлемдегі ең ірі кітап қор­ларының бірі болған Отырар кітапханасы жайлы деректер тек аңыз деңгейінде қалып қоюы мүмкін.
Сонымен қатар биыл Ұлттық кітап кү­ніне орай кітап туралы жарық көрген бар­лық кітаптар мен баспасөз материалдарын жи­нақтадық. Бұл жинақта 1927-1947 жыл­дар аралығындағы деректер де қамтылған.
Былтыр халықаралық деңгейде биб­лио­графия ғылымына арналған конференция өткіздік. Оған шетелдік әріптестеріміз де қатысты.

Бізде кітап сипаттамасын жазудың мем­лекеттік стандарттары (ГОСТ) бар. Сонымен қатар халықаралық талаптар да қолда­ныла­ды. Әр кітапта «шығару мәліметтері» деп ата­латын стандартты деректер толық көр­сетілуі тиіс. ISBN-нан бөлек, УДК және ББК индекстері беріледі, оларды біздің кітапхана анықтайды. Егер бұл стандарттар дұрыс сақталмаса, мамандарға кітаптарды дерек­қорға енгізу қиынға соғады. Біз кітаппен тікелей жұмыс істегендіктен, баспагерлерге осындай талаптарды ескертіп отыруымыз қажет.

Сонымен қатар кітап басылымына қа­тыс­ты санитарлық-гигиеналық талаптар да бар. Мысалы, қағаздың сапасы, бояудың түсі, қаріптің анықтығы – бәрі оқырманның ден­саулығына әсер етеді. Қазір кейбір кітап­тар­дың сапасы төмен болып келеді. Мәтіні кө­мескі, ксерокстан көшірілгендей әсер қал­дырады, оқығанда көзді шаршатады. Сон­дық­тан кітапты дайындауда оқырманға қо­лайлы болуын ескеру маңызды.

Кітап оқуға баулу да өз алдына бір ғылым

Біздің жиі көтеріп жүрген әрі зерттеп жүрген тақырыбымыз – «кітап оқы» демес бұрын, сол кітапты оқитын оқырман қалыптастыру мәселесі. Мұны тек «кітап оқу пай­далы», «кітап оқысаң, сөздік қорың көбейеді, ақылды боласың» деген сияқты мора­льдық үгіт-насихатпен толық шешу мүм­кін емес.

Қазір эмоционалды интеллект (EQ – Emotional Quotient) ұғымы кең тараған. Яғ­ни, адамның өз сезімдерін басқару және өзге адамдардың эмоцияларын тани білу қабілеті. Егер IQ (интеллект коэффициенті) ло­ги­ка­мыз бен білімімізге жауап берсе, EQ – ай­на­ламызбен қарым-қатынас орнату және стрес­ке төзімділік деңгейімізді анықтайды. Та­бысты басшылардың жетістігі көп жағ­дайда IQ-ға емес, 80-90 пайыз жағдайда EQ-ға байланысты екені айтылады. Осыны ескерсек, адамдардың кітап оқуға құл­шы­нысының неге жоғары немесе төмен бола­ты­нын түсініп, соған сай әрекет етуге мүм­кін­дік туар еді. Бұл бағытта еуропалық ға­лымдар әлдеқашан зерттеулер жүргізген.

Сондықтан кітап оқудың рационалды-ког­нитивті қырын да қарастыру қажет. Бізде әдебиеттанушы ғалымдар, психологтар, тіпті невропатологтар бар – солардың да көмегіне жүгіну артық емес. Адам миының ақпаратты қай кезде тиімді қабылдайтынына да назар аудару маңызды.

Мен кітапханашы ретінде әлем бойынша кі­тапқа, кітапханаға және кітапханашы ма­мандығына қатысты зерттеу еңбектерін же­ке кітапханама жинаймын. Елде кітап оқу­ды дамытудың ғылыми-әдістемелік негі­зін қалыптастырғым келеді.

Оқырманды балабақшадан бастап қа­лыптастыру қажет. Мысалы, балабақша ма­мандарына балалардың кітап оқуына қа­тысты әдістемелік құралдар әзірлеу керек. Сон­да балаға қай кезеңде қандай кітап оқу қа­жет, оны кітапқа қалай қызықтыруға бо­ла­ды деген сұрақтарға нақты жауап та­былар еді.

Ғалымдардың айтуынша, адамды эмо­цио­налды күйзелістен шығаруға көмек­тесе­тін тиімді тәсілдердің бірі – кітап оқу. Тіпті, 6 минут кітап оқудың өзі миға пайдалы әсер етеді. Бұлшық еттерге спорт қаншалықты қажет болса, кітап оқу да ми үшін сонша­лық­ты маңызды. Адамның миы үнемі оқуға, ойлануға дағдыланса, ол қартайған шағында да сергек күйін сақтайды.

Сондықтан кітапқа қызықтырудан бас­тап, оны оқыту, дұрыс кітап таңдай білу және оқығанынан ой түю сияқты үдерістерді жүйе­лі түрде зерттеп, зерделесек, кітап оқи­тын ұлтқа айналуымыз әбден мүмкін.
Соңғы уақытта оқырмандарға қолай­лы­лықты арттыру мақсатында кітапхана қыз­метін жаңғырту жұмыстары жүргізілуде. Атап айтқанда, кітапхананы жаңа тех­но­логиялармен қамтамасыз ету, оның ішінде за­манауи компьютерлік техникаларды ор­нату жоспарланып отыр. Бұл жаңашылдық оқыр­мандарға ақпаратты тез әрі ыңғайлы түр­де алуға мүмкіндік беріп, кітапхана қыз­метінің сапасын арттыруға бағытталған.
 

Жазып алған Ахмет ӨМІРЗАҚ,