Олжас Сүлейменов: Адамзатты біріктіретін күш

Бүгін, 14:30 / Túrkistan Gazeti

Әлемдегі барлық мәдениет «тәуелділік» және «тәуелсіздік» ұғымдарына негізделген. Бұл сөздер тарихта үлкен қантөгістер арқылы көрініс тапты. Тәуелділікті орнату, тәуелсіздік үшін күрес, жаңа тәуелділік және қайтадан күрес – мұның бәрі үнемі қантөгістерге алып келіп отырды.

Соңғы онжылдықтардағы саяси лек­си­конда «тәуелсіз­дік» сөзі айрықша таны­мал­дыққа ие болды. Еуразия ха­лықтары ке­зін­де біздің тарихымызда да болған тәуелсіздік ке­зеңін барған сайын анық сезініп отыр.

…1970-1980 жылдары Азия мен Африка жазу­шылары­мен байланыс комитетін бас­қара отырып, мен әртүрлі құрлықтардағы де­колонизацияланған елдерде жұмыс іс­те­­дім және азаттық қозғалыстарының жетек­ші­лері осы сөз арқылы езілген халықтарды қан­шалықты жігерлен­ді­ріп, оларды қоғам­дық дамудың түпкі мақсаты мен мәні ре­­тін­де санаған тәуелсіздікке жетелегенін көр­дім. Тәуел­сіз­дік «бәрінен тәуелсіз болу» деп қабылданды. 

1973 жылы Алматыда өткен конфе­рен­ция­да африкалық көшбасшылардың бірі­нің залға қарата айтқан мына сөзі есімде қалыпты:

«Африка – бұл үлкен сұрақ белгісіне ұқ­сайды, ал оның нүктесі – Мадагаскар ара­лы. Оның болашағы – бұл қалған бар­лық басқа құрлықтарға бағытталған сұрақ: құл­дықта өскен және бүгін көктемгі нөсер­ден кейін көктеп шыққан өскіндей бой көтерген біздерді не күтіп тұр? 

Болашақ табалдырықта тұр! Ол біздің Жері­мізге не әкелмек?»

Ол көп нәрсе әкелді: өртелген үйлерді, қаңы­рап бос қалған егіс алқаптарын, қайыр­шылыққа ұшыраған халықты, тай­палық соғыстарды. «Бөгде» отарлау­шы­лар­дың езгісінен құтылу әрі қарай заңды түрде «өз» қанаушылар тобының күшеюіне алып келді. Осылайша, біз заңды бір парадокстың куәсі болдық – егер тәуелсіздік үшін күрес адамдарды жақындастырса, ал тәуелсіз­діктің өзі оларды бөлді, қоғамдағы қарама-қайшылықтарды күшейтті. 

Бір кезде ортақ жауға қарсы күресте бірі­гіп келген бауырлас халықтар мен туыс­тас тайпалар біртіндеп жауға айналып, жер­ді бөлісе бастады, тілдерді жоюға ұм­тыл­ды, ұлттық мүдделер үшін күресті; бұл мүд­делер кейде жасырын, кейде ашық түр­де ұлтшылдық сипатқа ие болды. Осы­лайша, мәдениеттегі, саясаттағы және идео­логиядағы қателік миллиондаған адам үшін қасіретті адасушылыққа айналды. 

…1982 жылы мен тәуелсіздіктің 20 жыл­дығын мерекелеу қарсаңында гүлденіп тұр­ған Руандаға ұшып бардым. Онда екі не­гізгі тайпа – тутси мен хуту бірге өмір сү­ре­тін. Біз фильм түсірдік, тауларды ара­ла­дық, көркем фермаларды, тоқшылықта өмір сүріп жатқан еңбекқор шаруаларды тас­паға түсірдік. Фильмді жергілікті билік өкіл­деріне көрсеттік. Президентке ол ұна­ды да, бізді он жылдан кейін мерейтойға қай­та келіп, жаңа фильм түсіруге шақырды:

«Сол кезде сіздер Руанданы танымай қа­ласыздар. Ол мүлде басқа болады!»

Арада 10 жыл өткенде Руанда шынында да басқа елге айналды – онда азаматтық со­ғыс жүріп жатты. Геноцид. Қарапайым тіл­мен айтқанда – қырғын. Қанды ойран. Бір аптаның ішінде бір миллионнан астам адам қырылды. Себебі неде? Хуту тайпа­сынан шыққан адамдар тутсилер президент тағында тым ұзақ отырды деп есептеп, енді сол орында өздері отыратын уақыт келді деп санады. Сол жылдары бүкіл Африка үл­кен аласапыран мен терең күйзелісті бас­тан өткерді. Тек Африка ғана емес.
Көп ұзамай біз де мұны өз басымыздан өт­кере бастадық.

…1986 жылы Мәскеуде Жазушылар съезі өтті. Кремль дәліздерінде әртүрлі рес­пуб­ли­калардан келген әріптестердің кездесу­лері болды. Біз бәріміз ел өмірінде жақсы өз­герістер болады деген үмітте едік.
Съездің соңғы күні КСРО Жазушылар ода­ғы басқармасына кандидаттар тізімі дауыс беру арқылы бекітілді. Санақ ко­мис­сиясы құрылды. Оның төрағасы етіп мені сай­лады. Барлық делегаттарға кандидаттар тізімі көрсетілген бюллетеньдер таратылды. Көпшілігі бюллетеньді алған бойда бірден дауыс беру жәшігіне салды. Ал кейбіреулер залға қайтып бара жатып, тізімнен кейбір фа­милияларды сызып тастап жатты.

Бір сәтте маған досым Анар Рзаев келіп, сы­зып тасталған фамилияларының саны мен құрамы бірдей бірнеше бюллетеньді көр­сетті: Расул Ғамзатов, Шыңғыс Айтма­тов, Мустай Кәрім, Қайсын Құлиев… Тізім­нің үштен бірі сызылып тасталған. Әзер­бай­жан, қырғыз, өзбек, дағыстан, шешен, ин­гуш, қарашай, тәжік фамилияларының барлығы… Бірде-бірі тыс қалмаған.

Делегаттардың бірі қағаз жүзінде «ге­но­цид» жасап жатқандай еді.

Тағы бір комиссия мүшесі қол көтерді. Оның да дәл сондай бюллетені бар екен. Со­сын тағы біреу. Ақырында, олардың саны жиырмадан асты. Мен съезд құрамын тек­серіп, бұл бюллетеньдер қай делегацияға тие­сілі екенін анықтадым. Олардың саны ар­мян делегаттарының санына дәл келді.

Мен қара сызықтармен шимайланған сол парақтарға қарап отырып, түсініксіз бір нәрсені ұғынуға тырыстым. Мен олар­дың бәрін білетінмін. Кейбірімен жазу­шы­лар жиналыстарында да, достық дас­тар­қандарда да кездескенмін. Бір-біріміздің құр­метімізге тост көтеретінбіз. Сонда не бол­ды?

Сол кезде жиырма шақты дауыс съезд ше­шімдеріне әсер ете қойған жоқ. Бірақ олар көп ұзамай мемлекеттің иммунитетін күйреткен дерттің алғашқы белгілері бо­лып шықты. Осындай арандатушы бірнеше дауыс халықтарды бір-біріне айдап салып, бір­неше ұрпақтан бері жалғасып келе жат­қан соғысты бастауға түрткі болды.

Мен мұның бәрін өз көзіммен көрдім. Баку­дегі қаңтар оқиғаларына да қатыстым. Тан­кілерді де, танкілердің астында қалған адам­дарды да көрдім.

Сондай-ақ 90-жылдары Ферғана, Ош, Өз­ген қалаларында болған жағдайларды да көрдім. Әрбір жаңа кезең бізге қатыгездігі бұ­рын-соңды болмаған жайттарды алып кел­ді. Ал бәрі қарапайым нәрселерден бас­тал­ған еді. Нәтижесінде, халықтар бір-бірі­мен өлердей араздасып кетті. Бұл жара­лар­дың ұмытылуы үшін әлі талай жыл керек. 

…1991 жылдан кейін Қазақстанда агрес­сив­ті ұлтшыл партиялар мен қозғалыстар пай­да бола бастағанда, мен интер­нацио­нал­дық бағыттағы «Қазақстанның Халық Конгресі» партиясын құрдым.
Жүздеген митингі, кездесу, қазақ және орыс тілдеріндегі газеттер жарық көрді. Біз бас­қа республикаларда азаматтық соғыстар мен қырғындарға алып келген қауіпті елес­терден қоғамды арылтуға тырыстық.

Сон­дай-ақ ең қиын кезеңдерде ұлтаралық ке­лісімді сақтауға бар күшімізді салдық. 
Бүгінгі күні, айналамыздағы әлем тағы да жарылыстар мен қақтығыстардан шай­қалып тұрған шақта, мен мынаған нық се­немін: егер Қазақстан біртұтас мемлекет ре­тінде сақталғысы келсе, қоғамның кө­пұлт­ты құрылымы біз үшін құтқарушы фак­тор екенін түсіну қажет. Тіпті, қазақ хал­қының бірлігін нығайту үшін де, мем­лекет ішіндегі басқа этностармен саналы өзара тәуелділік мәдениетін үнемі қалып­тас­тырып отыруымыз керек. Жаңа Конс­ти­туцияда айтылғандай – «Қазақстанның біртұтас халқын» қалыптастыру қажет. Мұ­нымен ЮНЕСКО қамқорлығындағы біз­дің Мәдениеттерді жақындастыру орта­лығымыз бірнеше жылдан бері айналысып келеді. 

Өзара тәуелділік – өте айқын, табиғи әрі бейбітшіл сөз. Әр адам бір-біріне өзара тәуел­ді. Бүкіл өмір осы қағидаға негізделген.

Ал «тәуелділік» пен «тәуелсіздік» ұғым­дары халықаралық қатынастардан өткен­нің сарқыншағы ретінде алып тасталуы тиіс. Бұлар әлдеқашан ескірген ұғымдар. Әр тарихи дәуірде олардың салдары – үйілген өліктерге алып келді. Осы ұрандардың құр­баны ретінде тұтас халықтар жойылды.

Тәуелділік немесе тәуелсіздік – мұндай таң­дау жоқ. Адамзаттың алдында тек бір ғана таңдау бар: ол – өзара тәуелділік.

Сондықтан мен өмір бойы халқыма мы­на жолды нұсқап келемін:
Ғасырлар бойғы тәуелділіктен 
тәуелсіздік кезеңі арқылы – 

саналы өзара тәуелділік дәуіріне қарай.

Бұл формула – тек интеллектуалдардың жорамал ойы емес. Бұған халықтарды та­рих­тың өзі алып келді. Ал өзара тәуелділік бар­ған сайын адамзаттың болашағы, мүм­кін болар жалғыз жол ретінде үлкен мәнге ие болып келе жатыр. 

Мұны түсіне отырып, XXI ғасырда Қы­тай көшбасшысы адамзатты ортақ тағдыры бар біртұтас қауымдастық ретінде қарас­тыруды ұсынды.

Біз сондай-ақ қазіргі жағдайда адам­зат­тың ортақ тағдырын бір сәтте-ақ қыс­қар­туға болатынын түсінеміз. Мыңжылдықтар бойы жинақталған бұл тағдырды бірнеше секундтың ішінде мүлде тоқтатып тастауға да болады! Мұндай ақырзаманды Жер бе­тін­дегі ешбір адам, ешбір халық, бүкіл адам­зат қаламайды. 

Біздің халқымыз көп қиындықты бас­тан өткерді, тіпті жақсы өмірден үмітін де жо­ғалта жаздады. Бірақ біз бәрібір жақсы­лық­ты қалаймыз және соған ұмтыламыз!

Біз бір-бірімізді қолдап, бірге болғанда ға­на өмір сынағынан өте аламыз. Саясат­кер­лер тілінде бұл әліпбидей айқын болып, кө­бейту кестесіндей жұмыс істеуі тиіс. Сон­да ғана халықтар соңы өлімге апарар бө­лінуді тоқтатады.

Көпұлттылық – бұл өзара тәуелділікке апа­рар бір қадам ғана. Кез келген халықтық бағ­дарламада, ол ұлттық болсын немесе кө­пұлтты болсын, өзара тәуелділік көрініс табуы қажет.
Өзара тәуелділік – бізді ажырататын емес, біріктіретін күш. Бұл жаңалық бар­ша­ға ортақ. Бұл – бәрімізді тәрбиелеп, әре­кет етуі тиіс өмірдің табиғи заңының ашылуы. 
Мен өз Қазақстаныма осындай бола­шақ­ты тілеймін.

Бұл – менің бүгінгі бүкіл адамзатқа үн­деуім.

Олжас СҮЛЕЙМЕНОВ,
ЮНЕСКО қамқорлығындағы Мәдениеттерді жақындастыру халықаралық орталығының директоры,
Әлем халықтары Ассамблеясы Ақсақалдар кеңесінің тең төрағасы