Бауырластықты бекемдеген байланыс

15 мамыр, 2026 / Ділда УӘЛИБЕК
Ақорда

Осы аптада Түркия Республикасының Президенті Режеп Тайип Ердоған елімізге мемлекеттік сапармен келді. Сапар аясында екі елдің басшылары екіжақты байланыстың қазіргі жай-күйі мен алдағы бағытын талқылады. Жобалар мен жоспарларды ортаға салды. Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия арасындағы Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы отырысы өтті.

Сауда айналымы 5,4 млрд доллардан асқан

Салтанатты рәсім аяқталған соң пре­зи­денттер шағын құрамда кездесті. Қа­зақстан Президенті Түркия басшысына ілти­пат көрсетті. Режеп Тайип Ердоған бауырлас қазақ елінің көрсеткен құр­ме­тіне алғыс айтты.

– Ең әуелі, бауырымыздың атажұртқа ар­найы шақырғанына ризашылығымды біл­діргім келеді. Бізге айрықша қонақ­жай­лық танытып отырсыздар. Қазақ елі­нің шекарасынан өткеннен қаптал­даса ұшқан ұшақтармен қарсы алып, ме­нің делегацияма үлкен құрмет көр­сет­тіңіз­дер. Бұл бізді ерекше қуантты. Әри­не, мұны ұмытпаймыз. Бүгінгі сапар бауыр­лас халықтардың ынтымағын арт­тыруға зор септігін тигізеді деп сене­мін, – деді Түркия Президенті.

Шағын құрамда өткен кездесуден кейін Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоған Қазақстан – Түркия Жо­ғары деңгейдегі стратегиялық ын­ты­мақ­тас­тық кеңесінің алтыншы отырысын өт­кізді. Жиында Мемлекет басшысы Түр­кия Қазақстан үшін бауырлас ел, маңызды әрі сенімді серіктес сана­ла­ты­нын атап өтіп, тамыры терең бай­ла­ныс­тар қос халықтың мызғымас дос­ты­ғын одан әрі нығайтуға ықпал етіп отыр­ға­нын айтты.

– Қазір қазақ-түрік екіжақты қарым-қа­тынасы кеңейтілген стратегиялық серік­тестік рухында қарқынды дамып жа­тыр. Елдеріміздің арасында ешқандай түйт­кіл жоқ. Мемлекетаралық және үкі­метаралық байланыстарымыз нығайып ке­леді. Парламентаралық ықпалдасты­ғы­мыз да жоғары деңгейде. Түрік деле­га­циясының құрамында бір топ депу­тат­тың және партия мүшелерінің болуы – соның айқын дәлелі. Сонымен қатар екі елдің экономикалық ынтымақтастығы кү­шейе түсті. Түркия ірі инвес­тор­лары­мыз­дың қатарына кіреді. Осы уақытқа дейін Сіздің еліңізден экономикамызға 6 миллиард доллар инвестиция тар­тыл­ды. Қазақстанның Түркияға салған ин­вес­тициясы да өсіп, 2,5 миллиард дол­лар­ға жуықтады. Сондай-ақ Түрік елі – не­гізгі бес сауда серіктесіміздің бірі. Қос ха­лықтың мәдени-гуманитарлық бай­ла­ныс­тары қарым-қатынасымыздың ал­тын арқауы саналады. Біз осы игі үрдісті сақ­тап, өзара ықпалдастығымыздың аясын кеңейте беруге мүдделіміз. Бүгін «Мәңгілік достық және кеңейтілген стра­тегиялық серіктестік туралы» деклара­ция­ны қабылдаймыз. Осы маңызды құжат қазақ-түрік қатынастарын да­мы­ту­ға тың серпін беретіні анық. Бұл мә­се­ле бойынша екі елдің де ниет-тілегі – бір, сондықтан әлеуетіміз де, мүмкіндігіміз де мол деп айтуға толық негіз бар, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Қазақстан Президенті бүгінде Түркия әлеу­меттік-экономикалық дамудың жаңа кезеңіне қадам басып, түрлі салада елеулі табысқа қол жеткізгеніне назар аударды.
Сондай-ақ жиында тараптар сауда-эко­номикалық ықпалдастықты терең­дету мәселесін талқылады. Өткен жыл­дың қорытындысы бойынша тауар ай­на­лымы 8,8 пайызға өсіп, 5,4 миллиард дол­лардан асқан. Қасым-Жомарт Тоқаев сауда-саттықты әрі қарай жандандыруға қо­лайлы жағдай жасап, алыс-берісті әр­та­раптандырудың маңызына тоқталды.
Президенттің айтуынша, Қазақстан Түркияға қазірдің өзінде 34 тауар түрі бойынша экспорт көлемін ұлғайта ала­ды. Оның жалпы құны 630 миллион дол­лардан асады. Бұл ретте Мемлекет бас­шысы екі елдің қаржы орталықтары мен цифрлық сауда платформалары ара­сындағы серіктестіктің, сондай-ақ бүгін Астанада өтіп жатқан Қазақ-түрік биз­нес форумының нәтижесі сауда-эко­но­микалық байланыстарды одан әрі терең­дете түсетініне сенім білдірді.

Кеңесте ауыл шаруашылығы сала­сын­дағы ықпалдастыққа айрықша мән берілді. Былтыр екі елдің агроөнеркәсіп кешеніндегі тауар айналымы 25 пайыз­дан асып, 360 миллион долларға жуықта­ған. Бірқатар инвестициялық жоба іске асып жатыр. Қасым-Жомарт Тоқаев Tiryaki Agro қолға алған глютен мен крах­мал өндірісін, Alarko Holding салып жат­қан жылыжай кешенін мысалға кел­тірді.
Түркия тарапына ауыл шаруашылығы өнімдерінің өзара саудасын жандандыру жөнінде 2026-2028 жылдарға арналған жол картасын қабылдау ұсынылды.

Жиында қазіргі геосаяси жағдайда кө­лік-логистика саласының стратегия­лық маңызы арта түскеніне назар ау­дарылды. Мемлекет басшысы бұл ретте Транс­каспий халықаралық көлік дәлі­зіне өзге елдердің қызығушылығы артып келе жатқанына тоқталып, түрік ком­па­ния­ларын Құрық, Ақтау порттары ар­қы­лы жүк тасымалын ұлғайтуды көздейтін жо­баларға белсенді атсалысуға шақырды.

Қазақстан авиация саласындағы ын­ты­мақтастыққа да айрықша мән беріп отыр. Сондықтан Алматы халықаралық әуе­­жайын Орталық Азиядағы логис­ти­калық хаб ретінде дамытуды көздеп отыр­ған TAV Airports Holding компаниясының бас­тамаларына жан-жақты қолдау көрсе­ті­леді.

Бұл ретте Мемлекет басшысы елімізде ин­вестициялық ахуалды жақсарту үшін атқарылып жатқан ауқымды жұмыстар, ин­весторларға арналған жеңілдіктер жө­нін­де мәлімет берді. Сонымен қатар Түр­кия бизнесмендерін шикізаттық емес жо­­баларды бірлесе іске асыруға үндеді. Жиын­­да энергетика, тау-кен, цифрлан­дыру және жасанды интеллект, қорғаныс өнер­кәсібіндегі өзара тиімді серіктестік ая­сын одан әрі кеңейту перспективасы қарас­­тырылды.

Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан мен Түр­кияның мәдени-гуманитарлық бай­ла­ныстары жылдан-жылға күшейіп келе жат­­қанын жеткізді. Атап айтқанда, 2023 жы­лы жойқын жер сілкінісінен зардап шек­кен Газиантеп провинциясында Қа­зақ­стан бастамасымен Қожа Ахмет Ясауи атындағы мектеп ашылды. Астанада және Алматыда «Маариф» қорының мектеп­те­рін ашу жөнінде уағдаластыққа қол жет­кі­зіл­ді. Қазақстанның 14 мыңға жуық аза­маты Түркияда оқиды, ал 260-қа жуық тү­рік студенті еліміздің жоғары оқу орын­дарында білім алуда. Жақында Шымкент қаласындағы педагогикалық универ­си­тет­тің жанынан Түркиядағы Гази универси­те­тінің филиалы өз жұмысын бастады.

Қазақстанның бірқатар аймағында ту­ризм саласына маманданған түрік ком­паниялары табысты жұмыс істеп жатыр. Мемлекет басшысы бұл бағытта әлі де көп­­теген мүмкіндік бар екенін алға тар­тып, түрік бауырларымызды Қазақстанмен озық тәжірибесін бөлісуге, елімізге инвес­тиция салуға шақырды.

Денсаулық сақтау саласындағы серіктестік те қарқынды дамып келеді. Қасым-Жомарт Тоқаев Түркияның ірі фар­мацевтика алпауыттары – Abdi İbrahim және Nobel компаниялары Қазақстанда өндіріс желілерін іске қосқанын атап өтті. Көп ұзамай Orzax Group компаниясы Түр­кі­стан облысында биологиялық белсенді қос­палар өндіретін зауыттың құрылысын бас­тайды. YDA Group Түркістан және Пет­ро­павл қалаларында көпбейінді ауру­ханалар салып жатыр.

Режеп Тайип Ердоған республикалық референдумда халық қолдауына ие болған жаңа Конституция Қазақстанның ынты­ма­ғын арттыра беретініне сенім білдірді.
Сонымен қатар Түркия Президенті екі ел арасындағы қарым-қатынас кеңейтіл­ген стратегиялық әріптестік аясында бар­лық салада нығайып келе жатқанын айт­ты.

– Біз сауда айналымын 15 миллиард дол­­ларға жеткізуге ниетті екенімізді рас­тадық. Осы орайда 15 сәуірде Астанада өт­кен Үкіметаралық экономикалық ко­мис­сияның 14-отырысында қабылданған 67 тармақтан тұратын Іс-қимыл жоспарын жү­зеге асырудың маңызына тоқталдық. Инвестиция саласында компания­ла­ры­мыз­ды ынталандыруды жалғастырамыз. Бү­гінгі бизнес-форум сияқты іскерлік ор­таны біріктіретін іс-шаралар екі елдің сау­да-экономикалық байланыстарын ны­ғайту тұрғысынан аса маңызды деп санай­мын, – деді Түркия Президенті.

Кеңес отырысында Қазақстан тара­пы­нан Премьер-Министрдің орынбасары – Ұлттық экономика министрі Серік Жұ­ман­ғарин, «Самұрық-Қазына» акционерлік қо­ғамының басқарма төрағасы Нұрлан Жақыпов, Түркия тарапынан Сыртқы іс­тер министрі Хакан Фидан, Сауда ми­нистрі Болат Омер баяндама жасады.

Екіжақты келіссөздер мен Қазақстан – Түркия Жоғары деңгейдегі стратегиялық ынтымақтастық кеңесінің алтыншы оты­рысының қорытындысы бойынша Пре­зи­дент Қасым-Жомарт Тоқаев пен Президент Режеп Тайип Ердоған Қазақстан Респуб­ли­касы мен Түркия Республикасы арасын­дағы мәңгілік достық және кеңейтілген ст­ратегиялық серіктестік туралы дек­лара­цияға қол қойды.

Күллі түрік ұлтына ілтипат

Мемлекет басшысы Түркия Президен­тін Qoja Ahmet Yasaui орденімен марапат­тады. Қасым-Жомарт Тоқаев Режеп Тайип Ердоғанды өз халқын алға бастап келе жат­қан әлемдік деңгейдегі салиқалы бас­шы және саясаткер ретінде ерекше құр­мет­тейтінін атап өтті. Сондай-ақ Қазақ­стан мен Түркияның арасында сан ғасыр­лық тарихи сабақтастық бар екеніне тоқ­тал­ды.

– Біздің тегіміз бен дініміз – бір, діліміз – ұқсас. Қазақ пен түрік жұртының терең­нен тамыр тартатын бауырластығы бүгін­де стратегиялық серіктестікке ұласты. Сіз достық қарым-қатынасымызды нығай­туға, ортақ құндылықтарымызды дәріп­теу­ге өлшеусіз үлес қосып келесіз. Сол үшін өз атымнан және барша Қазақ елі аты­­­нан Сізге зор алғыс айтамын. Ұлы дала – түбі бір түркі халықтарының атажұрты, ал Түркістан – оның қастерлі қазынасы, ру­хани астанасы. Киелі шаһар тұтас­ты­ғы­мыздың нышаны, төл өркениетіміздің ал­­тын бесігі саналады. Сондықтан біз ер­тең өз жұмысын бастайтын Түркі мем­ле­кеттері ұйымының бейресми саммитін Түр­кістан төрінде өткізуді жөн көрдік. Ал­қалы жиын ағайын елдердің арасын жа­қындатып, ықпалдастығын күшейте тү­се­ді деп сенемін, – деді Мемлекет бас­шы­сы.

Президенттің пікірінше, Түркістан тура­лы айтқанда күллі түркінің рухани те­мір­қазығы – Қожа Ахмет Ясауи тұлға­сы­на тоқталмау мүмкін емес.

– Ұлыстың ұлы күнінде киелі Түр­кі­станға арнайы барып, Әзірет Сұлтан рухы­на құран бағыштадым. Сол сапарымда мем­лекеттік наградалар қатарына Qoja Ahmet Yasaui орденін енгізу туралы маңыз­ды бастама көтердім. Бұл марапатты Қа­зақ­станның дамуына айрықша еңбек сіңір­ген еліміздің және шетелдің белгілі ғалым­дарына, мемлекет және қоғам қай­раткерлеріне табыстау қажеттігі жөнінде айт­тым. Соған сәйкес тиісті заң қабыл­данды, арнайы Жарлыққа қол қойдым. Бұл – шын мәнінде, беделі биік, бағасы жо­ғары марапат. Біз бұл орденді әзірлеген кезде ашық жасыл түске басымдық бердік. Асыл дінімізде осы түстің орны ерекше. Ал оның құрамындағы күміс – тазалықтың нышаны. Бір сөзбен, бұл – Әзірет Сұлтан­ның ұлағаты мен тағылымын дәріптейтін марапат. Жалпы, біз өз елімізде Қожа Ахмет Ясауидің бай мұрасын жүйелі түрде және кең ауқымда зерттеу жұмысын бел­сенді түрде жүргіземіз, – деді Қасым-Жомарт Тоқаев.

Мемлекет басшысы Түркия Президен­тін Қожа Ахмет Ясауи атындағы мәртебелі орденмен марапаттау туралы шешім қабылдағанын, Режеп Тайип Ердоған – бұл орденнің тұңғыш иегері екенін атап өтті.
Режеп Тайип Ердоған Түркістанның пірі Қожа Ахмет Ясауи атындағы ерекше орденнің алғаш рет өзіне берілгеніне қуа­нышты екенін жеткізді.

– Бұл орденді Түркия Республикасы жә­не түрік ұлтына деген ілтипатыңыздың бел­гісі деп қабылдаймын. Осы орайда ел­де­­ріміз арасындағы бауырластықты бе­­кем­деу бағытындағы көреген саяса­тыңыз үшін Сізге, құрметті бауырым, ал­ғыс айта­мын. Бауырластығымыз, дос­ты­­ғымыз лайым мәңгі болсын! – деді Түркия Пре­зи­денті.

Сондай-ақ Қазақстан мен Түркия Пре­зиденттері Alem.ai халықаралық жасанды интел­лект орталығына барды. Қасым-Жомарт Тоқаев пен Режеп Тайип Ердоғанға еліміздегі басты технологиялық хабқа айналуды көздейтін орталықтың әлеуеті таныстырылды.

Премьер-Министрдің орынбасары – Жасанды интеллект және цифрлық даму министрі Жаслан Мәдиев екі ел басшы­ларына музей экспозициясы мен ЖИ-кино­театрын көрсетіп, орталықтың ұзақ­мер­зімді даму стратегиясы туралы мәлі­мет берді.

Сонымен қатар Президенттерге Astana Smart City жобасы жөнінде баяндалды.

Тұтастыққа деген тағы бір ұмтылыс – түркиялық БАҚ

Режеп Тайип Ердоғанның Қазақстанға сапары Түркия баспасөзінде жай ғана дип­ломатиялық кездесу ретінде емес Ан­караның Орталық Азияға қатысты ст­ра­тегиясының бір бөлігі ретінде сипатталды. Түрік медиасының риторикасына қара­ған­да, әңгіме екіжақты қатынастан әлде­қай­да кең ауқымды қамтиды. Бұл сапар – түркі кеңістігін геосаяси әрі экономикалық тұрғыдан біртұтас аймаққа айналдыру тал­пынысының тағы бір кезеңі.

Әсіресе, түрік басылымдары Орта дәліз мә­селесіне ерекше назар аударды. Анка­ра­дағы сарапшылар Ресей арқылы өтетін дәс­түрлі бағыттардың тұрақ­сыз­дануы мен Қы­зыл теңіз маңындағы қауіп­тердің кү­шеюі жағдайында Қазақстан арқылы өте­тін транскаспийлік маршрут­тың стра­те­гиялық маңызы артқанын ашық жаза бас­тады. Түркия медиасын­да­ғы ортақ пі­кір­ге сүйенсек, Қазақстан бұл жүйе­де жай ғана транзиттік мемлекет емес Қытай мен Еуропаны байланыстыра­тын негізгі буын ретінде қарастырылады. Ал Түркия өзін осы дәліздің Еуропаға шы­ға­тын соңғы қақ­­­­­пасы ретінде көрсет­кі­сі келеді.

Түрік баспасөзінің тағы бір назар ау­дарған тұсы – энергетика мен логис­тика­дан бөлек, «түркі әлемі» ұғымының саяси маз­мұнының күшеюі. Егер бірнеше жыл бұ­рын бұл көбіне мәдени-гуманитарлық дең­гейдегі риторика ретінде қабылданса, қа­зір ол экономикалық интеграция, көлік инфрақұрылымы және қауіпсіздік мә­селелерімен тығыз байланыстырылып отыр. Түркиялық шолушылар Қазақстанды Орталық Азиядағы ең маңызды серік­тес­тердің бірі ретінде сипаттайды. Себебі Аста­на аймақтағы ең ірі экономика ғана емес, сонымен бірге Қытай, Ресей, Батыс жә­не түркі мемлекеттері арасындағы те­пе-теңдікті сақтай алатын санаулы ойын­шы­лардың бірі.

Яғни, Анкара Қазақстанмен байланыс­ты тек бауырластық риторикасы арқылы емес, нақты геоэкономикалық есеп арқы­лы да тереңдетуге тырысып отыр. Орталық Азия енді инвестиция, логистика, өндіріс және жаңа нарықтар аймағы. Сондықтан Ердоғанның Астанаға сапары түрік бас­па­сөзінде «достық сапарынан» гөрі жаңа ай­­­­мақтық архитектура құру әрекетінің бір бө­лігі ретінде бағаланып жатыр.

Таир Нигманов,

саясаттанушы:

Түркиясыз Орта дәліз толыққанды жұмыс істей алады деу қиын

– Қазақстан мен Түркия Орта дәліздің ең маңызды қатысушыларының бірі дер едім. Ең алдымен, екі ел де осы дәліздің негізгі буыны қызметін атқарып отыр. Қазақстан – Қытайдан Батысқа шығатын қақпа болса, Түркия – теңізге тікелей шығатын маңызды логистикалық торап. Қазақстан арқылы өткен тауарлар Түркияға жетіп, ары қарай Жерорта теңізі арқылы Оңтүстік Еуропаға, Балқан елдеріне және басқа да бағыттарға таралады. Яғни біз – өте ұзын логистикалық тізбектің маңызды бөліктеріміз.

Сондықтан екі ел арасындағы жақсы қарым-қатынас пен белсенді ынтымақтастық осы бағыттың әлеуетін күшейте түседі. Екіншіден, Қазақстан Түркияны Орта дәлізді дамытуға инвестиция салуға шақырып отыр. Атап айтқанда, Ақтау мен Құрық порттарын дамыту мәселесі маңызды. Мұны тек экономикалық жоба десек қателескеніміз болады, бұл – сонымен қатар Қазақстаннан бастап Оңтүстік Кавказ арқылы Түркияға дейінгі аймақтық байланысты нығайтатын бастама.

Бүгінгі іс-шаралардан саяси тұрғыдан алғанда да бірнеше маңызды белгі байқалды. Соның бірі – стратегиялық әріптестіктің жаңа деңгейге көтерілуі. Бұл екі ел арасындағы қатынастың тереңдеп, өзара сенімнің күшейіп келе жатқанын көрсетеді. Мәңгілік достық пен ынтымақтастық туралы айтылған бастамалардың өзі мемлекеттер арасындағы байланыстың өте жоғары деңгейде екенін аңғартады. Әсіресе қазіргі күрделі геосаяси жағдайда мұның символдық маңызы зор. Бұл – халықаралық қауымдастыққа да, екі ел қоғамына да берілген маңызды белгі.

Ал Режеп Тайип Ердоғанға орден табысталуы – оның Қазақстан мен Түркия арасындағы байланысты дамытудағы еңбегіне берілген баға. Мұны маңызды дипломатиялық қадам әрі екіжақты қатынасты нығайтатын саяси ишара деуге болады.

Егер нақты салаларға тоқталсақ, Қазақстан қазір логистика бағытына ерекше мән беріп отыр. Себебі ел экономикасы шикізатқа тәуелділікті азайтып, шикізаттан басқа секторларды дамытуға басымдық бере бастады. Соның ішінде көлік пен логистика негізгі бағыттардың біріне айналып отыр. Ал Түркиясыз Орта дәліз толыққанды жұмыс істей алады деу қиын.

Түркияның өзі – көлік инфрақұрылымы өте дамыған мемлекет. Порттарының саны көп, тәжірибесі мол, технологиялық мүмкіндігі жоғары. Сондықтан түрік тәжірибесі мен инвестициясы Қазақстанның да логистикалық әлеуетін арттыруға айтарлықтай көмектесе алады.

Бұдан бөлек, білім беру саласын да ерекше атап өтер едім. Түркия қазақстандық жастар үшін өте танымал бағытқа айналды. Көптеген студент Түркия университеттерін таңдайды, магистратура мен докторантурада оқып, тағылымдамадан өтеді.

Сонымен қатар Қазақстан енді түрік студенттерін де көбірек тартуға мүдделі болып отыр. Қазір еліміз жоғары білім саласын экономиканың жеке бір бағыты ретінде дамытуға күш салып жатыр. Шетелдік университеттердің филиалдары ашылып жатыр. Мұның басты мақсаты – Қазақстанға шетелдік студенттерді тарту, олардың осында білім алып, ел экономикасына үлес қосуына жағдай жасау. Түркия – халқы 80 миллионнан асатын, жастары көп мемлекет. Сондықтан бұл біз үшін болашағы зор нарық.

Одан бөлек, туризм саласында да ынтымақтастықты күшейтуге мүмкіндік мол. Түркия – халықаралық туризм бойынша әлемдегі жетекші елдердің бірі. Сондықтан бұл бағытта да түрік тәжірибесінің маңызы зор. Жалпы алғанда, екі ел арасында ынтымақтастықты тереңдететін, өзара тәжірибе алмасатын және байланысты нығайтатын бағыт әлі де өте көп дер едім.

Орхан Йолчуев,

саясаттанушы,

«Caspia» сараптама орталығының директоры (Әзербайжан):

Еуразия кеңістігіндегі жаңа экономикалық тәртіптің алғышарты

Қазақстан мен Түркия басшыларының сапарлары қашан да зор стратегиялық маңызға ие. Бұл жолғы кездесі тек екіжақты қарым-қатынастарды дамыту ғана емес, сонымен бірге түркі әлемі аясындағы ынтымақтастық архитектурасын нығайтуға бағытталған қадам болды.

Нақтырақ айтсақ, Түркия президентінің Қазақстанға және Қазақстан президентінің Түркияға сапарлары түркі интеграциясы тұрғысынан маңызды рөл атқарады. Бұл үрдіс екі елдің ғана емес, жалпы түркі мемлекеттерінің арасындағы өзара байланысты күшейтіп, аймақтық тұрақтылық пен қауіпсіздік кеңістігін қалыптастыруға ықпал етеді. Қазіргі геосаяси турбуленттілік жағдайында бұл ынтымақтастықтың мәні одан ары артып отыр. Қазақстан мен Түркия тек Түркі мемлекеттері ұйымы аясында ғана емес, сонымен қатар Әзербайжан, Өзбекстан сияқты елдермен бірге тұрақтылық пен даму аймағын қалыптастыратын маңызды субъектілер ретінде көрінеді. Бұл – мүмкіндіктер кеңістігі, тұрақтылық пен перспективалар аймағы.

Сонымен бірге, жаһандық логистикалық бағыттардың өзгеруі Қазақстан мен Түркия арасындағы байланыстарды жаңа деңгейге шығарып отыр. Түркия – халықаралық жүйедегі маңызды актор, ал Қазақстан өзінің көпвекторлы сыртқы саясатымен орта державалардың бірі ретінде қалыптасқан. Осы тұрғыдан алғанда, екі елдің ұстанымдары мен сыртқы саясаттағы тәсілдері бір-біріне жақын: екеуі де тепе-теңдік сақтауға, стратегиялық дербестікке және көпвекторлы саясатқа сүйенеді. Халықаралық саясаттағы қазіргі үрдістер көпполярлы жүйенің қалыптасып жатқанын көрсетеді. Бұл жағдайда Орталық Азияның рөлі күшейіп келеді.

Қазақстанның географиялық орны Еуразиядағы маңызды транзитке айналуға мүмкіндік береді. Әсіресе Қытайдан Еуропаға дейінгі бағыттағы Орта дәліздің дамуы – осының айқын көрінісі. Бұл бағыт тек көлік дәлізі емес, сонымен бірге экономикалық және стратегиялық әріптестікті тереңдететін кеңістікке айналып отыр. Қазіргі кезеңде Украинадағы соғыс сияқты жаһандық қақтығыстар энергетикалық қауіпсіздік мәселесін күн тәртібіне шығарды. Ешбір мемлекет мұндай сын-қатерді жалғыз еңсере алмайды. Қазіргі халықаралық орта бұрынғыдан да күрделі, тіпті кей тұста қырғи-қабақ соғыс кезеңінен де шиеленісті сипат алып отыр. Сондықтан аймақтық ынтымақтастық ерекше маңызды.

Орта дәліздің дамуына қатысты тағы да айта кету керек: бұл бағытқа жаһандық бизнестің қызығушылығы артып келеді. Себебі баламалы логистикалық жолдарға сұраныс жоғары. Осы контексте Қазақстан мен Түркия айрықша рөл атқарады.

Қазақстан мен Түркия арасындағы экономикалық байланыстар да дамып келеді. Сауда айналымын ұлғайту, көлік-логистика, энергетика, қорғаныс өнеркәсібі және білім беру салаларындағы ынтымақтастық кеңейіп келеді. Қол қойылған бірқатар келісімдер инвестицияны ынталандыру, мәдени орталықтар ашу, білім беру және студенттер алмасу бағдарламаларын дамыту сияқты бағыттарды қамтиды.

Сонымен қатар Түркістанда өтетін саммит те маңызды рөл атқарады, Түркі мемлекеттері ұйымы аясындағы процестерге серпін береді.

Жалпы алғанда, бұл сапар мен екіжақты диалогтар тек қазіргі кезең үшін ғана емес, келешектегі өңірлік интеграция мен Еуразия кеңістігіндегі жаңа экономикалық тәртіптің қалыптасуы үшін де аса маңызды дер едім.