Халықаралық отбасы күні ҚР ІІМ Ұлттық ұланының авиабазасында Әйелдер істері, отбасы және демографиялық саясат жөніндегі комиссия мүшелерінің әскери қызметшілермен кездесуі өтті. Делегацияны Қазақстанның еңбек сіңірген қайраткері, әнші Светлана Айтбаева бастап келді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Кездесуде отбасы құндылықтары, бала тәрбиесі және әскери мамандықты таңдаған азамат өміріндегі отбасының орны кеңінен сөз болды.
Қонақтар Ұлттық ұлан бөлімшелеріне әуеден қолдау көрсететін 3656 әскери бөлімінің тыныс-тіршілігімен танысты. Авиабаза экипаждары жеке құрам мен жүктерді тасымалдап, құтқару операцияларына қатысады және қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ету міндеттерін орындайды.
Делегация авиациялық эскадрильяның қару-жарағында тұрған ұшақтар мен тікұшақтарды көріп, заманауи авиациялық техниканың мүмкіндіктерімен және авиабазаның инфрақұрылымымен танысты.
– Бүгін мен жоғары кәсіби дайындықты, заманауи ұшақтар мен тікұшақтарды, сондай-ақ өз ісіне адал азаматтарды көрдім. Әсіресе мұнда отбасы құндылықтарына және әскери қызметшілерге моральдық қолдау көрсетуге ерекше көңіл бөлінетіні қуантады. Берік отбасы ғана Отанға адал қызмет ету жолында күш-қуат сыйлайды, - деді Светлана Ермекқызы.
Даңқ залында қонақтарға құқықтық тәртіп әскерлері авиациясының қалыптасу және даму тарихы таныстырылды. Одан кейін әскери қызметшілермен ашық әңгіме өрбіп, бала тәрбиесі, отбасылық дәстүрлерді сақтау және қазіргі қоғамдағы әскери қызметтің маңызы талқыланды.
Кездесу соңында танымал әнші Димаш Құдайбергеннің анасы, Светлана Айтбаева бақытты жанұя, өзара сыйластық пен ұрпақ сабақтастығы әрбір әскери қызметші үшін сенімді тірек екенін атап өтті. Оның айтуынша, дәл осы құндылықтар құқықтық тәртіп сақшыларына әскери борышын абыроймен атқарып, Әскери антқа адал болуға күш береді.