Қазақстанда жол жөндеу жұмысына бақылау күшейтілді

Бүгін, 09:02 / Інжу Әлихан
Көлік министрлігі

Ұлттық жол активтері сапасы орталығы республикалық маңызы бар автомобиль жолдарының сапасына бақылауды заманауи жылжымалы зертханалардың көмегімен күшейтуді жалғастыруда. Бүгінде еліміз бойынша құрылыс, реконструкция және жөндеу нысандарында тексеру жұмыстарын тікелей жол учаскелерінде жүргізуге мүмкіндік беретін 16 мобильді кешен жұмыс істейді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Кезекті инспекциялық тексеру барысында жылжымалы зертханалардың бірі Маңғыстау облысындағы республикалық маңызы бар Форт-Шевченко – Таушық – Шетпе автожолының 91–161 шақырым аралығындағы орташа жөндеу жүргізіліп жатқан учаскесіне барды.

Тексеру барысында орталық мамандары нысанға үш мәрте барып, жол-құрылыс материалдарынан 34 сынама алды. Барлық үлгілер зертханалық тексеруден өткізілді.

Сараптама қорытындысы бойынша материалдардың нормативтік-техникалық құжаттама талаптарына сәйкес келмеуінің үш дерегі, сондай-ақ технологиялық талаптардың екі бұзушылығы анықталды. Жылжымалы зертхананың жұмысы арқасында ескертулер дер кезінде анықталып, мердігер ұйым мен техникалық қадағалау компаниясына оларды жедел түрде жою жөнінде нұсқама берілді.

Орталық мамандарының айтуынша, жылжымалы зертханаларды қолдану ақауларды бастапқы кезеңде анықтап, уақытылы жоюға мүмкіндік береді. Бұл өз кезегінде еліміздегі автомобиль жолдарының сапасын, сенімділігі мен қауіпсіздігін қамтамасыз етуге ықпал етеді.