Ақтөбеде TikTok пен Instagram арқылы «ақылы бата» беріп, емшілікпен айналысатын Бағдагүл емшіге қатысты дау шықты. Танымал журналист Динара Сәтжан оның қызметінің заңдылығына күмән келтіріп, бірқатар мемлекеттік органдарға шағым түсіргенін мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Журналистің айтуынша, ол Ақтөбе облысының Экономикалық тергеп-тексеру департаментіне ресми сұрау жолдамақ. Онда «емшінің» табысы қай шоттарға түсетіні, салық төлейтіні, адам емдеуге лицензиясы бар-жоғы және «киелі заттарды» сатуға қандай рұқсат құжаттары бар екені тексерілуі тиіс екенін айтқан.
Сондай-ақ Сәтжан әлеуметтік желі арқылы БАД өнімдерін «оқылған дәрі» ретінде сатудың заңдылығына да күмән келтірді. Оның сөзінше, емшілік қызметпен қатар бірнеше бизнес жүргізіп, қымбат мүлік пен көліктерді туыстарының атына рәсімдеу мәселесі де қоғам назарын аударуы керек.
Бұдан бөлек, журналист әлгі азаматшаны әлеуметтік желіде халықты арандатты, қорлады және өзі туралы жалған ақпарат таратты деп айыптады.
«Маған жария түрде тіл тигізді. Бұл — қорлау. Біз полицияға арыз жаздық. Барлық сөзі мен әрекетіне заң аясында жауап береді», — деді Динара Сәтжан.
Айтуынша, бұл мәселемен адвокаты Рена Керимова айналысып жатыр. Қазіргі таңда Ақтөбе облысының полициясына ресми арыз түсірілген.