Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Бауыржан Смағұлов партия жанындағы кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысының қорытындысы бойынша хаттама тармақтарының орындалуына арналған Экологиялық кеңес отырысын өткізді, деп хабарлайды turkystan.kz.
9 сәуір күні «AMANAT» партиясы жанындағы Кәсіпкерлік мәселелері жөніндегі республикалық үйлестіру кеңесінің кеңейтілген отырысы өтті. Аталған отырыста бизнес саласындағы жүйелі мәселелер, мемлекеттік органдар мен кәсіпкерлер қауымдастығы арасындағы өзара іс-қимылды жетілдіру шаралары талқыланып, қорытындысы бойынша тиісті Хаттама қабылданды.
«Аталған Хаттамада Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен Қаржы министрлігіне бағытталған бірқатар тапсырма берілген. Сонымен қатар бұл мәселелер «Жасыл даму» АҚ қызметіне де тікелей қатысты болғандықтан, бүгін біз осы тапсырмалардың орындалу барысын талқылау үшін жиналып отырмыз.Атап айтқанда, Хаттаманың 8-тармағында құрамында қайталама шикізат бар тауарларға мемлекеттік тапсырыс берушілердің сұранысын ынталандыру тетіктерін қарастыра отырып, «жасыл» мемлекеттік сатып алулар механизмдерін әзірлеу бойынша жұмыс тобын құру мәселесі көзделген. Ал 9-тармақта «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бағдарламасы аясында әкімдіктер үшін қайталама шикізат қабылдау пункттерін ашу бойынша KPI әзірлеу және 2026 жылдың аяғына дейін республикалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарындағы қабылдау пункттерінің нысаналы көрсеткіштерін белгілеу мәселелері қарастырылған», – дейді Бауыржан Смағұлов.
«Жасыл даму» АҚ басқарма төрағасы Ержан Сәрсенбайдың айтуынша, көрсетілген міндеттемелер аясында барлық тараптың функциялары мен жауапкершілігі күшейтіледі.
«Өздеріңіз білетіндей, 2024 жылдан бастап кәсіпкерлерді қолдау және ынталандыру тетіктері қайта қаралып, қалдықтарды жинау, тасымалдау және қайта өңдеу бағытындағы жобаларға ерекше назар аударылып келеді. Бүгінде арнайы цифрлық платформа арқылы қаптама қалдықтары мен автокомпоненттердің бүкіл айналым циклін қамтитын бірыңғай қолдау жүйесі жұмыс істейді. Яғни, қалдықтардың пайда болуынан бастап, оларды жинау, тасымалдау және қайта өңдеуге дейінгі барлық процесс жүйеге енгізілген. Оған қалдық түзушілер, жинаушылар, тасымалдаушылар мен қайта өңдеуші кәсіпорындар қатысады. Үкіметтің 2023 жылғы 29 желтоқсандағы №1250 қаулысымен бекітілген бағдарлама аясында төлем мөлшерлемелері белгіленген. Бүгінде қолдау бағдарламасы бойынша 88 кәсіпорынмен келісім жасалған. Оның ішінде 58-і жинаушы, 20-сы қайта өңдеуші, ал 10 компания қалдықтарды толық цикл бойынша кәдеге жарату бағытында жұмыс істейді. Бағдарлама аясында қайта өңдеуге жіберілген қалдықтардың жалпы көлемі 103 мың тоннадан асты. Оның ішінде қағаз, шыны, пластик пен шиналар бар», – дейді Сәрсенбай.
Ол атағандай, қатысушыларға бүгінге дейін 2,4 млрд теңге төленген. Қаржыландыру көлемі жыл сайын артып келеді. Бұл мемлекет тарапынан экологиялық жобаларға қолдаудың күшейіп жатқанын көрсетеді.
«Сонымен қатар кейбір өңірлерде инфрақұрылым мәселесі әлі де өзекті. Мәселен, Шығыс Қазақстан, Солтүстік Қазақстан және Атырау облыстарында қалдық жинаушылар жоқ. Ал бірқатар өңірде қаптаманы қайта өңдейтін кәсіпорындар тіркелмеген. Кей өңірлерде мұндай кәсіпорындар болғанымен, олар қолдау жүйесіне қосылмаған. Осыған байланысты партия мүшелеріне өңірлердегі кәсіпкерлерді бағдарламаға қатысуға тартуға қолдау көрсету ұсынылды. Бұдан бөлек қалдықтарды басқару саласындағы жобаларды қаржыландыру бағдарламасы іске қосылды. Бағдарлама аясында сыйақы мөлшерлемесі 3 пайызды құрайды, инвестордың өз үлесі - 20 пайыз, ал қаржыландыру мерзімі 3 жылдан 15 жылға дейін қарастырылған», – деді ол.
Қазіргі уақытта жалпы құны 374 млрд теңге болатын 61 жоба ұсынылды. Бұл бастапқыда жоспарланған қаржыландыру көлемінен екі есе көп. Мұндай белсенділік кәсіпкерлердің аталған салаға қызығушылығы жоғары екенін аңғартады. Барлық жобалар әкімдіктердің қатысуымен қаралып, жұмыс істеп тұрған кәсіпорындарға бәсекелестік қысым түсірмеу мәселесі ескерілген.
Бүгінде «Жасыл даму» АҚ жалпы сомасы 113,6 млрд теңгені құрайтын 28 жобаны қаржыландырған. Сонымен қатар құны 44 млрд теңге болатын 13 жоба мақұлданып, келісімшарт жасау кезеңіне өткен. Тағы бірнеше жоба сараптама сатысында қаралып жатыр.
Отырыс қорытындысы бойынша қатысушылар Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ-ға 2026 жылғы 1 шілдеге дейін мемлекеттік сатып алудың жекелеген түрлері кезінде құрамында қайта өңделген шикізаты бар тауарлардың ең төменгі үлесін айқындау бойынша ұсыныстар әзірлеуді ұсынды. Сонымен қатарреспубликалық маңызы бар қалалар мен облыс орталықтарының әкімдіктеріне «Жасыл даму» АҚ-мен бірлесіп, 2026 жылдың аяғына дейін әр ауданда кемінде бір қосымша қайталама шикізат қабылдау пунктін ашуды қамтамасыз ету және атқарылып жатқан жұмыстардың барысы туралы Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігіне тоқсан сайын ақпарат беріп отыру тапсырылды. Бұдан бөлек Қазақстан Республикасының Экология және табиғи ресурстар министрлігі мен «Жасыл даму» АҚ-ға 2026 жылғы 15 маусымға дейін әкімдіктер үшін қайталама шикізатты жинау және қайта өңдеу инфрақұрылымын дамытуға қатысты KPI көрсеткіштерін қалыптастырудың бірыңғай тәсілдерін әзірлеу ұсынылды.