Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы аясында елімізде «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы өткізілуде. Бұл акция азаматтар арасында экологиялық мәдениетті нығайтуға және қоршаған ортаға жауапкершілікпен қарауға бағытталып отыр, деп хабарлайды turkystan.kz.
Мәселен, Ақмола облысы Сандықтау ауданындағы орталық стадион аумағына 125 түп қарағай көшеті егілді. Сонымен қатар Балқашино ауылындағы көшелер, қоғамдық орындар және әлеуметтік нысандар аумағы қоқыстан тазартылды. Жалпы, акцияға 200-ден астам адам қатысты. Олардың қатарында мемлекеттік мекеме қызметкерлері, мәслихат депутаттары, партия мүшелері, жастар, еріктілер және аудан тұрғындары бар.
«Елімізде Мемлекет басшысының «Таза Қазақстан» жалпыұлттық бастамасы жүйелі жүзеге асырылуда. Оның аясында «AMANAT» партиясы тұрақты түрде «Таза бейсенбі» экологиялық акциясын өткізіп келеді. Акцияның басты мақсаты – азаматтар арасында экологиялық мәдениет қалыптастыру. Бүгін Сандықтау ауданында партиямыздың атсалысуымен жүздеген түп көшет егілді. Бұл – қоршаған ортаны қорғауға, табиғатты сақтауға қосқан ортақ үлесіміз», – деді «AMANAT» партиясы Ақмола облыстық филиалының төрағасы Берген Беспалинов.
Ал Жамбыл облысында тазалық жұмысы Тараз қаласындағы әуежай маңында ұйымдастырылды. Оған партия мүшелері, бастауыш партия ұйымдарының өкілдері және «Жастар Рухы» жастар қанатының белсенділері қатысты. Жалпы саны 150-ге жуық адам қоршаған ортаның тазалығын сақтау ісіне өз үлестерін қосты. Нәтижесінде, 4 тоннаға жуық қоқыс шығарылып, белгіленген орындарға жеткізілді.
«Халқымызда «Ауылына қарап, азаматын таны» деген нақыл бар. Бұл – тазалық мәселесіне де тікелей қатысты. Әр тұрғын қоршаған ортаның тазалығына жауапкершілікпен қарауы қажет. Өкінішке қарай, табиғатқа немқұрайлы қарайтын азаматтар да кездеседі. Соның салдарынан қоршаған ортаға зиян келіп жатыр. Бүгін қоқыс алаңына айналған аумақты тазаладық. Алдағы уақытта бұл аумақ жіті бақылауға алынады», – деді «AMANAT» партиясы Жамбыл облыстық филиалының атқарушы хатшысы Уалихан Болатбек.
Жетісу облысы Қаратал ауданына қарасты Үштөбе қаласы мен Қызылжар ауылының жол жиектері, қоғамдық орындары қоқыстан тазартылды. Акцияға 4 арнайы техника жұмылдырылып, 200-ге жуық адам қатысты. Олардың қатарында қала тұрғындары, жастар, еріктілер және партия белсенділері бар. Нәтижесінде, 20 тонна қоқыс шығарылды.
«Тазалық – баршамызға ортақ жауапкершілік. Осындай экологиялық акциялар арқылы біз тұрғындарды қоршаған ортаға жанашырлықпен қарауға шақырамыз. Туған жердің тазалығы мен көркеюі – әр азаматтың азаматтық парызы. Бұл бағыттағы жүйелі жұмыс алдағы уақытта да лайықты жалғасын тауып, ауданымыздың санитарлық жағдайын жақсарту ісіне өз үлесімізді қоса береміз», – деді «AMANAT» партиясы Қаратал аудандық филиалының төрағасы Руслан Тасыбаев.
Айта кетейік, «AMANAT» партиясының «Таза бейсенбі» экологиялық акциясы еліміздің өзге өңірлерінде де өткізілді.