Түркістанда «Түркі әлемі және Ясауи мұрасы: өркениеттер тоғысындағы мәдени үндестік» атты халықаралық дөңгелек үстел ұйымдастырылды. Іс-шара Түркі мемлекеттері ұйымы кеңесінің бейресми саммиті қарсаңында өтіп, Түркістанның тарихи-мәдени маңызын ғылыми тұрғыда зерделеуге, Қожа Ахмет Ясауи мұрасын насихаттауға және түркі елдері арасындағы мәдени-гуманитарлық байланысты нығайтуға бағытталды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Дөңгелек үстелге ғылыми қауымдастық пен халықаралық ұйымдардың 30-ға жуық өкілі қатысты. Олардың қатарында Қазақстан, Түркия, Өзбекстан, Әзербайжан, Түрікменстан және Қырғызстаннан келген жетекші ғалымдар, түркітанушылар, шығыстанушылар, тарихшылар, филологтар, теологтар, археологтар, реставраторлар мен музей саласының мамандары болды.
Жиын қатысушыларына Премьер-министр орынбасары – Мәдениет және ақпарат министрі Аида Балаева құттықтау хатын жолдады. Құттықтауда Түркістанның түркі дүниесінің рухани өзегі ретіндегі орны мен Қожа Ахмет Ясауи мұрасының түркі халықтарына ортақ құндылық екені атап өтілді.
«Түркістан – күллі түркі дүниесінің қара шаңырағы, рухани сабақтастықтың алтын арқауы. Ал Қожа Ахмет Ясауи мұрасы – ғасырлар бойы түркі халықтарын ортақ құндылықтар төңірегіне ұйыстырып келе жатқан теңдессіз рухани қазына. Бүгінгі басқосу – тек ғылыми пікір алмасу алаңы ғана емес, ортақ тарихи мұрамызды жаңа көзқараспен зерделеп, оны сақтау мен келер ұрпаққа жеткізу жолындағы маңызды бастама деп білемін», – делінген құттықтау хатта.
Сонымен қатар дөңгелек үстелде ТҮРКСОЙ, Халықаралық Түркі академиясы, IRCICA және TİKA ұйымдарының өкілдері баяндама жасады.
Жиын барысында ортақ тарихи-мәдени мұраны сақтау, зерттеу және оны бүгінгі заманға сай дәріптеу мәселелері кеңінен талқыланды.