Жәрмеңке арқылы жастар ғана емес, үлкен кісілер де жұмысқа тұрды – Лина Айдын

Бүгін, 12:00 / Алуа Арман
Кейіпкердің жеке мұрағатынан

«AMANAT» партиясы жанындағы «Жастар Рухы» жастар қанаты Жетісу облыстық филиалының ұйымдастыруымен «Жастарға жұмыс»  жәрмеңкесі тұрақты өткізіліп келеді. Биылдың өзінде «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесі үш рет – қаңтар, ақпан, сәуір айларында өткен. Осы жәрмеңкелерде 250-ге жуық бос жұмыс орны ұсынылған. Жалпы саны 450 адам қатысып, 228 адам жұмысқа тұрған. Оның ішінде тұрақты жұмысқа, субсидияланатын жалақымен қоғамдық жұмыстарға, «Күміс жас» жобасы бойынша, жастар практикасымен, әлеуметтік жұмыс орнына тұрғандар бар. Жыл басында осы жәрмеңке арқылы жұмыс тапқан жастың бірі – Лина Айдын. Ол қазір Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасында еңбек етіп жүр.

«Қытайдың Тарбағатай өңірінде дүниеге келгенмін. Он жасымда Қазақстанға қоныс аудардық. Мектеп пен жоғары оқу орнын Талдықорғанда оқыдым. Жетісу мемлекеттік университетінде мемлекеттік грант негізінде журналистика мамандығы бойынша білім алдым. Студент кезімнен университет газетінде жұмыс істедім. Кейін «Алатау» газетінде, республикалық «Жас қазақ» газетінде, республикалық сайттарда Алматы облысы бойынша меншікті тілші қызметін атқардым. Дін істері орталығының баспасөз қызметінде еңбек еттім. 2021 жылы Түркияға көшіп, бес жыл сол жақта тұрып келдім», – дейді ол.

Елге қайта оралғаннан кейін ол өзін журналистикадан бөлек салада сынап көруді шешіпті.

«2025 жылдың желтоқсан сайында елге оралдым. Өзім бұрын жұмыс істеген газет пен телеарнаға барғым келген жоқ. Өйткені оның бәрін көрдім. Басқа саланы көрейін деп шештім. 2026 жылдың қаңтар айының бас кезінде «AMANAT» партиясы мен Талдықорған қаласының Мансап орталығы бірлесіп «Бос жұмыс орындары» жәрмеңкесін өткізіп жатқанын естідім. Сонда барып өтініш бердім, түйіндемемді тастап кеттім. Арада аз ғана уақыт өткенде қазір өзім жұмыс істеп жатқан Жетісу облысының Сәкен Сейфуллин атындағы орталық кітапханасы шақырды. Сөйтіп айналасы екі аптаның ішінде осында қатардағы кітапханашы лауазымына қабылдандым. Үш ай сынақ мерзімі біткен соң бөлім меңгерушісі болып, қызметім көтерілді. Көп адам кітапханада «іш пысады» деп ойлайды. Бірақ мұнда іс-шаралар көптеп ұйымдастырылады. Отырып қалатын жұмыс емес, күнделікті қайнап жатқан тіршілік бар мұнда. Мен басында оқырмандарға қызмет көрсету бөліміне келдім. Оқу залы, абонемент, бәрі осы бөлімде болатын. Көптеген іс-шараларға да біз жауап беретінбіз. «Кешкі кітапхана» сияқты түрлі жобалар бар. Сол жобалар мен кездесулерді ұйымдастырамыз, әлеуметтік желіні жүргіземіз. Кітапхана әлеміне келгеніме қуанамын. «Жастарға жұмыс» жобасы туралы да, «Бос жұмыс орындары» жермеңкесі туралы да білмейтін едім. Құрбымнан естіп бардым. Жәрмеңкеге барғанда жастар ғана емес, үлкен кісілердің де жұмыс іздеп жүргенін көрдім. Жасына байланысты жұмысқа тұра алмай жүрген үлкендерге де, тәжірибесі мен еңбек өтілі болмағаннан жұмыс таппай жүрген жастарға да бұл жобаның пайдасы зор», – дейді ол.

 

Тэгтер:

Жастарға жұмыс жәрмеңке бос жұмыс орындары