Ысырап пен жасанды мотивация қоғамды қайда апарады?

14 мамыр, 2026 / Алуа Арман
istockphoto.com

Әлеуметтік желі халықтың өміріне дендеп енгелі бері қоғам оған белгілі бір деңгейде тәуелді күйге түсті. Тек желінің өзіне тәуелді емес, ондағы сүзгіден өтпей, ұсынылып жатқан контент пен ақпарат ағынына тәуелді. Күні бүгін желі арқылы қоғамға қатты насихатталып, көрсетіліп жатқан дүние – жалт-жұлт еткен, аста-төк, табысты өмір болып отыр. Түрлі коуч, тәлімгер, психолог, нұсқаушы, кәсіпкер, консультанттар қара ормандай қалың оқырманның, яғни олар өндірген контентті тұтынатын желі қолданушыларының психологиялық әлсіз тұсын тап басып, эмоциясына ойнап, бір сәттік көңіл-күй, бір сәттік мотивация беру арқылы жасанды табысқа, жасанды жетістікке иландыруда. Түпкі мақсат – өздері табыс табу. Халыққа табысты өмірді насихаттау арқылы, соған жетесің деу арқылы өздерінің курсын, сабағын, өнімін сатып келеді. Ал реали өмірде жетістік тек – мотивациядан, курс сатып алудан, біреудің ақылымен жүруден тұрмайтынын бәріміз білеміз.

Бұлай әлеуметтік желідегі жылтыр өмірге шамадан тыс еліктеу, өзін «коуч» деп таныстыратын біліксіз кеңесшілердің көбеюі ысырапшылдыққа алып келіп отыр. Ысырапшылдық – тек ақшаны орынсыз жұмсау емес, ол – уақытты, күшті, тіпті эмоцияны да босқа шашу. Бүгінде көп адам қажеттілік пен қалау арасындағы шекараны ажырата алмай қалды. Қымбат телефон, бренд киім, сәнді мейрамхана – мұның бәрі шынайы бақыттың өлшемі емес. Алайда қоғамдағы «жұртқа көрсету мәдениеті» адамдарды өзгелерден қалмауға, тіпті мүмкіндігінен тыс өмір сүруге итермелеп отыр. Нәтижесінде қарызға батып, күйзеліске ұшырап жүргендер де аз емес. Осындай коучтар мен жеңіл табысқа, тез келетін табысқа, қиялдағы сағым байлыққа сеніп, қарыз алып, балаларының аузынан жырып, отбасылық бюджеттің ақшасын мотивациялық тренингтерге салып жіберіп жатқандар көп. Алайда коучтар мен курстардың  көпшілігінде нақты білім де, тәжірибе де жоқ. Олар тек әдемі сөз бен әсерлі суреттер арқылы сенім ұялатып, адамдардың үмітін пайдаланады. Нәтижесінде ештеңе өзгермей, ерлі-зайыптылар арасында жанжал туындап, талай отбасы ұрыс-керістен көз ашпай жатқаны тағы бар.

Жақында Мәжіліс депутаты Асхат Аймағамбетов осындай психологсымақтарға тықыр таянғанын да айтқан болатын. Қазір психологтардың қызметін реттейтін заң қаралып жатыр.

«Өздерін желідегі парақшасында «психологпын» деп жазып қоятындар бар. Енді заң қабылданғаннан кейін психолог емес, реестрде жоқ, тиісті білімі жоқ, тиісті крустан өтпеген, арнайы талаптарға сай келмейтін азаматтар «психологпын, психологиялық көмек көрсетемін» деп айта алмайды. Егер айтатын болса оларға нақты жауапкершілік қарастырылады», – деген еді депутат.

Әлеуметтік желідегі жылтыр өмір – көбіне шынайы өмірдің толық көрінісі емес, тек жақсы сәттердің сүзгіден өткен нұсқасы. Адамдар өз қиындықтарын, сәтсіздіктерін көрсетпейді, тек жетістіктерін ғана бөліседі. Мұны көрген басқа адамдар өз өмірін салыстырып, өзін кем сезіне бастайды. Бұл – психологиялық қысымның бір түрі. Шын мәнінде, әр адамның жолы әртүрлі, ал бақыт сыртқы атрибуттармен емес, ішкі тыныштықпен өлшенеді. Сондықтан бүгінгі күні ең маңыздысы – саналы өмір сүру. Әр әрекеттің мәнін түсіну, өз мүмкіндігіңді дұрыс бағалау, ақпаратты сүзгіден өткізе білу қажет. Көргеннің бәріне сену, бәріне еліктеу – адасудың ең қысқа жолы. Ал шынайы даму – уақытты, еңбекті және сабырды талап етеді.

Қорытындылай келе, ысырапшылдықтан сақтанып, жалған коучтардың ықпалына түспей, әлеуметтік желідегі жасанды өмірге қызықпау – қазіргі заман адамы үшін маңызды дағды. Себебі нағыз байлық – ақыл, білім және ішкі тепе-теңдік.

Тэгтер:

жетістік ысырап Мотивация коуч