Ақтауда бір жарым жасар баланы көлік қағып кетті

Бүгін, 11:43 / Інжу Әлихан
Lada.kz

Ақтауда бір жарым жастағы баланы көлік қағып кетті. Қайғылы оқиға 13 мамыр күні облыс орталығының 27-шағынауданында болды. Жол талғамайтын көлік кәмелетке толмаған баланы қағып, салдарынан сәби оқиға орнында көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz сайты Lada.kz-ке сілтеме жасап.

Маңғыстау облысының полиция департаменті қызметтік көліктің тізгінінде құқық қорғау органының қызметкері болғанын растады. Ол 27-шағынаудандағы тұрғын үйдің алдындағы жолда бір жарым жастағы ұл баланы қағып кеткен. Оқиға салдарынан бала есін жимастан көз жұмған.

Аталған факті бойынша ҚР ҚК-нің 345-бабы 3-бөлігі (“Көлік құралдарын басқаратын адамдардың жол қозғалысы немесе көлік құралдарын пайдалану қағидаларын бұзуы”) бойынша қылмыстық іс қозғалды. Жүргізуші уақытша ұстау изоляторына қамалды.

"Қажетті тергеу шаралары жүргізіліп жатыр. Маңғыстау облысының полиция департаменті қаза тапқан баланың туыстары мен жақындарына шын көңілден көңіл айтады", – деп хабарлады полиция.

Ведомство бұл оқиғаны басшылық ерекше бақылауға алғанын мәлімдеді.