Емтихансыз жүргізуші куәлігін уәде еткен тұрғын жазаланды

Бүгін, 10:58 / Інжу Әлихан
Жамбыл облысы соттары. Фото жасанды интеллект арқылы жасалған.

Жамбыл облысында Меркі аудандық соты бірнеше рет жасалған алаяқтық фактісі бойынша М.-ға қатысты қылмыстық істі қарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Сотталушы таныстарының арасында емтихан тапсырмай жүргізуші куәлігін алу мүмкіндігі туралы ақпаратты таратқан. 2025 жылдың тамыз айында сотталушы азаматтардың сенімін асыра пайдаланып, жүргізуші куәлігін дайындап беремін деген сылтаумен үш жәбірленушіден жалпы сомасы 770 мың теңге ақшалай қаражат алған.

Осылайша, жәбірленушілердің екеуіне әрқайсысына 300 мың теңгеге, ал үшінші жәбірленушіге 170 мың теңгеге жүргізуші куәлігін ресімдеуге уәде берген. Алынған ақшаны М. жеке мақсатта пайдаланып, содан кейін байланысқа шығуды тоқтатқан.

Сотталушы кінәсін толық мойындап, жасаған ісіне өкініш білдіріп, қарыз міндеттемелеріне байланысты қылмыс жасағанын түсіндірді. Жәбірленушілерге материалдық залал толық көлемде өтелді.

Сот үкімімен М. ҚК 190-бабы 3-бөлігінің 4) тармағы бойынша кінәлі деп танылып, оған пробациялық бақылау белгілей отырып, 3 жыл бас бостандығын шектеу түріндегі жаза тағайындалды.