ШҚО-да жалған бухгалтерлік құжаттар жасаған топ ұсталды

Бүгін, 09:18 / Інжу Әлихан
ҚМА

Қаржылық мониторинг агенттігі Шығыс Қазақстан облысында «Усть-Каменогорск инерт» ЖШС атынан жалған шот-фактуралар рәсімдеумен айналысқан бір топ тұлғаның заңсыз әрекетін тоқтатты, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тергеу амалдарына сай, 2023 жылдың маусым-қыркүйек айлары аралығында күдіктілер азаматтық-құқықтық келісімшарттар бойынша міндеттемелерді орындау ниетінсіз, ауыр техникаға арналған қосалқы бөлшектер жеткізілгені туралы жалған бухгалтерлік құжаттарды жүйелі түрде рәсімдеп отырған.

Бұл құжаттар арқылы олардың серіктестері корпоративтік табыс салығы мен қосылған құн салығын қоса алғанда, салық төлеуден заңсыз жалтарған.

Аталған заңсыз схемаға Мемлекеттік кірістер басқармасының қызметкері де қатысқан. Ол салықтық бақылаудан кедергісіз өту үшін қажетті жалған құжаттарды рәсімдеуге көмектескен.

Қолма-қол ақшаға айналдырылған қаражаттың жалпы көлемі 356 млн теңгені құрады.

Мемлекетке төленбеген салықтар түрінде 91 млн теңгеден астам ірі залал келтірілген.

Сот санкциясымен күдіктілердің 3 пәтері мен бір автокөлігіне тыйым салынды.

Қылмыстық іс сотқа жолданды.