Ақтаудың қақ ортасында жер астынан ыстық су атқылады

Бүгін, 23:05 / Жамбыл Жайлау
Lada.kz

Ақтауда 29-шағын аудан тұрғындары жер астынан қатты қысыммен атқылаған ыстық суды видеоға түсіріп алған. Оқиғаға қатысты «Каспий жылу, су арнасы» мекемесі түсініктеме берді, деп turkystan.kz тілшісі Lada.kz сайтына сілтеме жасап хабарлайды.

Куәгерлердің айтуынша, ыстық су шамамен төрт қабат биіктікке дейін атқылаған. Тұрғындар түсірген видеоны жергілікті басылым редакциясына жолдаған.

"Каспий жылу, су арнасы" МКМ өкілдері бұл жағдай 12-15 мамыр аралығында жылу желілерін жоспарлы гидравликалық сынақтан өткізу кезінде болғанын мәлімдеді.

Коммуналдық мекеме мәліметінше, қала тұрғындарына сынақ жұмыстары туралы бір апта бұрын алдын ала хабарланған. Мамандар мұндай тексеріс кезінде жылу және ыстық су желілерінде ақаулар анықталуы мүмкін екенін түсіндірді.

Дәл осындай ақау 29-шағын аудандағы №30/2 ғимаратының алдында тіркелген.

Қазіргі уақытта ыстық су беру уақытша тоқтатылған. Коммуналдық қызмет өкілдерінің айтуынша, анықталған ақау жөнделді.

Мекеме бұл сынақтар жылу желілерінің техникалық жағдайын тексеру және алдағы жылыту маусымына дайындық жүргізу мақсатында ұйымдастырылып жатқанын хабарлады.

Тэгтер:

Ақтау