Чехияда шіркеуден 800 жылдық бас сүйегі қолды болды

13 мамыр, 2026 / Жамбыл Жайлау
Reuters.com

Чехияда белгісіз адам шіркеуден әулие Здислава Лемберкскаяға тиесілі деп саналатын 800 жылдық бас сүйекті ұрлап кеткен, деп хабарлайды Reuters.

Құнды жәдігер Прагадан шамамен 110 шақырым жерде орналасқан Яблонне-в-Подьештеди қаласындағы Әулие Лаврентий және Әулие Здислава базиликасында сақталған. Ол арнайы витрина ішінде тұрған.

Ұрлық 12 мамыр күні болған. Алайда полиция бұл оқиға туралы келесі күні ғана мәлімдеді. Бейнебақылау камераларына түскен кадрларда қара киім киген адамның қолына бас сүйекті ұстап, шіркеу орындықтарының арасымен жүгіріп бара жатқаны көрінеді. Жәдігер тұрған витринаның әйнегі сындырылған.

Бастапқыда полиция күдіктіні ер адам деп хабарлаған. Кейінірек баспасөз қызметі тергеушілер бейнежазбаларды әлі зерттеп жатқанын, әзірге күдіктінің жынысы мен жеке басы нақты анықталмағанын мәлімдеді.

Прага архиепископы Станислав Пршибил бұл оқиғаны ауыр әрі түсініксіз жағдай деп бағалады.

"Қажылар бұл бас сүйекті қасиетті жәдігер ретінде құрметтейтін. Біреудің күндіз шіркеуден тек тарихи ғана емес, сенушілер үшін рухани мәні зор жәдігерді ұрлап кеткеніне сену қиын", – деді ол.

Здислава Лемберкская XIII ғасырда, шамамен 1220-1252 жылдар аралығында өмір сүрген. Ол қайырымдылығы, жомарттығы және кедейлерге жасаған көмегі үшін ел есінде қалған. 1995 жылы Рим папасы Иоанн Павел II оны әулиелер қатарына қосқан.

Тэгтер:

Чехия