Мархабат Жайымбетов: Арал экожүйесін қалпына келтіру – басты міндет

Бүгін, 21:47 / Дана Ізтілеуова

Мемлекет басшысы кеше өткен Астана саммитінде Арал мәселесіне қатысты нақты әрі жүйелі бағыт-бағдар беріп, су ресурстарын тиімді басқару, цифрландыруды енгізу және трансшекаралық өзендер бойынша келісілген саясат жүргізудің маңызын айқындады. Бұл – ел болашағына бағытталған байыпты саясат.

Мәжіліс депутаты, «AMANAT» партиясы фракциясының мүшесі Махаббат Жайымбетовтың сөзінше, Арал мәселесі – Президент Қасым-Жомарт Кемелұлының үнемі назарында тұрған маңызды бағыттардың бірі. Соның аясында өңірде экологиялық ахуалды жақсартуға және инфрақұрылымды дамытуға бағытталған жүйелі жұмыстар кезең-кезеңімен жүзеге асырылып келеді.

Оның айтуынша, жол, су және әлеуметтік нысандардың жаңаруы өңірдегі оң өзгерістердің нақты көрінісі. Ал құрғаған теңіз табанында жүргізіліп жатқан сексеуіл егу және мелиорациялық шаралар табиғи ортаны қалпына келтірудегі маңызды қадам саналады.

Депутаттың пікірінше, Арал тағдыры – тек табиғаттың ғана емес, тұтас аймақтың болашағына әсер ететін ортақ жауапкершілік.

Сондай-ақ ол 2002–2008 жылдары Дүниежүзілік банкпен бірлесіп жүзеге асқан «Сырдария өзенінің арнасын реттеу және Солтүстік Аралды сақтау» жобасының нақты нәтижелер бергенін атап өтті. Жоба аясында өзеннің өткізу қабілеті артып, теңіз көлемі ұлғайып, тұздылық деңгейі төмендеп, балық шаруашылығы қайта жанданды.

Депутаттың сөзінше, қазіргі таңда жобаның екінші кезеңі қарастырылуда. Оның аясында Көкарал бөгетін көтеру, дельта экожүйесін тұрақтандыру, ирригациялық жүйелерді жаңғырту және су ресурстарын тиімді пайдалану бағытындағы жұмыстар қамтылған.

Осыған байланысты депутат Үкіметке бірнеше ұсыныс жолдады. Атап айтқанда, Солтүстік Аралды сақтаудың екінші кезеңін жедел іске асыру, су үнемдеу технологияларын енгізу, трансшекаралық су келісімдерін күшейту, құрғаған теңіз табанында сексеуіл егу көлемін арттыру және Арал өңірінің әлеуметтік-экономикалық дамуына қолдау көрсету мәселелерін көтерді.