Әнші Мақпал Жүнісова әлеуметтік желідегі парақшасында өзіне қатысты ерекше жағдайды айтып берді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Өнер иесінің айтуынша, қайда барса да, жанынан қара шыбын шықпайтын көрінеді. Әнші мұндай жағдай шетел сапарларында да бірнеше рет қайталанғанын жазды.
"Қай жерге сапарға шықсам, сол жерге дәу қара шыбын ұшып келеді, шетелде де солай, қасымдағылар біледі, ал енді бүгін концерттің аяғына дейін қара шыбын айналшақтап аяғына дейін бірге болды", – деп жазды әнші.
Желі қолданушылары әншінің жазбасына түрлі пікір қалдырған. Бірі мұны өмірден өткен жақындарының белгісі деп қабылдаса, енді бірі марқұм жандардың рухани қолдауы болуы мүмкін деген болжам айтқан.
"Ол шыбынды өлтірмеңіз, ол – сізге жанашыр адамның шыбыны жаны. Бұл әлемде жоқ адам. Менің анам өлгенде "торғай болып келем" деген. Қызыма терезеге торғай қонса "әже келді" дейміз. Менің көңілім бұзылады, сағыныш келеді", – деп жазды желі қолданушысы.
Мақпал Жүнісова бұл пікірге жауап беріп, марқұм жары Заманбек Нұрқаділовті еске алды.
"Мерей екеуіміз Токиоға барғанда, күнде бір қара шыбын тамақтанда жанымызда айналшақтап жүрді, сонда мен "Зәкеннің аруағы желеп-жебеп жүр" деп айтқам", – деп пікір қалдырды әнші.