"Реал Мадрид" президенті Флорентино Перестің баспасөз мәслихаты Испанияда үлкен дауға ұласты. Оның журналистерге қатысты айтқан сөздері қоғамда қызу талқыланып, кейбір саясаткерлер мен БАҚ өкілдері Перестің мәлімдемелерін "трампизмге ұқсас" деп бағалады, деп хабарлайды turkystan.kz euronews.com-ға сілтеме жасап.
79 жастағы клуб басшысы маусымдағы сәтсіз нәтижелерден кейін қызметінен кетпейтінін мәлімдеді. Биыл мадридтік клуб Чемпиондар лигасының финалына шыға алмады және Испания чемпиондығында «Барселонаға» жол берді.
Перес алдағы уақытта клубта президент сайлауы өтетінін және өзі қайтадан кандидат болатынын айтты.
Алайда негізгі дау оның журналистермен сөз таластыруынан кейін басталды. Ол соңғы уақытта БАҚ-та жарияланған клуб ішіндегі жанжалдар туралы материалдарға ашық наразылық білдірді. Әсіресе ABC газетінің журналисі Давид Санчес де Кастромен пікірталасқа түсті.
Кейін Перес ABC басылымына жазылудан бас тартатынын айтып:
«Бұл газетке мені әкем жаздырған еді, енді оның құрметіне жазылымды тоқтатамын», – деді.
Сондай-ақ ол әйел журналистердің бірі туралы:
«Оның футболдан хабары бар-жоғын білмеймін», – деген пікір білдірген.
Тағы бір сәтте залдағы журналистерге қарап:
«Мына қыз сұрақ қойсын. Қалғандарың өте ұсқынсызсыңдар», – деп айтқан.
Бұл мәлімдемелер Испания медиасында үлкен резонанс тудырды. Cadena SER радиосы Перестің сөздерін «менмендік пен сексизмнің көрінісі» деп атады.
Ал ABC газеті клуб президентінің әрекетін «шектен шыққан шабуыл» деп бағалады. Перестің сынына ұшыраған журналист Мария Хосе Фуэнтеаламо мұндай жағдайды күтпегенін айтып, тек пікір мақаласын жазғанын жеткізді.
Кейбір сарапшылар Перес маусымдағы сәтсіздіктен назарды басқа жаққа бұруға тырысты деп есептейді. El Mundo басылымы оның баспасөз мәслихатын «трампистік стильдегі әрекет» деп сипаттады.
Сонымен қатар Перес «Барселона» клубын жемқорлыққа қатысы бар деп айыптап, «жеті чемпиондық атақ бізден әділетсіз тартып алынды» деп мәлімдеді. Оның айтуынша, бұл мәселеге қатысты 500 беттік құжат УЕФА ұйымына жолданады.
Ал MARCA газеті баспасөз мәслихатын «ретсіз әрі түсініксіз» деп атап, Перестің клубтағы ішкі дағдарысқа қатысты ешқандай өзін-өзі сынау айтпағанына назар аударды.