Жүргізуші мас болған: Қостанайда екі адамның өліміне әкелген жол апатына қатысты үкім шықты

Бүгін, 17:26 / Алуа Арман
istockphoto.com

Қостанай облысының қылмыстық істер жөніндегі мамандандырылған ауданаралық сотында абайсызда адам денсаулығына ауыр зиян келтіріп, екі адамның өліміне әкеп соққан жол қозғалысы ережелерін бұзу фактісі бойынша азамат Т.-ға қатысты қылмыстық іс қаралды, деп хабарлайды turkystan.kz.

 2025 жылғы 30 тамызда Қостанай – Әулиекөл – Сұрған бағытындағы республикалық маңызы бар KAZ23 автожолының 74-шақырымында Әулиекөл ауданы Новонежин ауылы маңында Т. есімді жүргізуші «Toyota Camry» автокөлігін басқарып келе жатып, қарсы бағытқа шығып кеткен.

Соның салдарынан ол Әулиекөл бағытына қарай қозғалып келе жатқан Г. басқаруындағы «Opel Vectra» көлігімен соқтығысқан.

Жол-көлік оқиғасы салдарынан «Opel Vectra» көлігінің екі жолаушысы алған дене жарақаттарынан оқиға орнында қаза тапқан. Ал «Toyota Camry» көлігінің жолаушысы түрлі жарақаттармен Әулиекөл аудандық ауруханасына жеткізілген.

Сотталушы Т. сотта өз кінәсін толық мойындады.

Жәбірленуші тарап жаза түрі мен мөлшерін соттың қарауына қалдырды.

Сот Т.-ның шын жүректен өкінуін жауаптылық пен жазаны жеңілдететін мән-жай ретінде таныды. Ауырлататын мән-жайлар анықталмаған.

Іс бойынша барлық мән-жайларды ескере отырып, сот Т.-ға қылмыстық-атқару жүйесінің ең төменгі қауіпсіздік мекемесінде жазасын өтеумен 5 жыл мерзімге бас бостандығынан айыру, 5 жыл мерзімге көлік құралын басқару құқығынан айыру жазасын тағайындады.

Жәбірленушілердің азаматтық талап-арыздары ішінара қанағаттандырылды.

Тэгтер:

Жол апаты Сот Қостанай жүргізуші үкім