«Ертіс» футбол клубына жаңа бас бапкер тағайындалды

Бүгін, 17:26 / Інжу Әлихан
ertis_fk

Павлодарлық «Ертіс» клубы Нұрбол Жұмасқалиевтің команданың бас бапкері қызметіне тағайындалғанын мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Нұрбол Жәрдемұлы  қазақстандық футбол тарихындағы ең көрнекті футболшылардың бірі, Қазақстан чемпионаттары тарихындағы ең көп матч өткізген (526 ойын) және ең көп гол соққан (167 гол) рекорд иесі. Ол мансабының басым бөлігін қостанайлық «Тобыл» сапында өткізді, алайда 2017 жылы павлодарлық «Ертіс» клубында да өнер көрсетті. Мансабында Қазақстан чемпионы, Қазақстан Кубогы мен Суперкубогы иегері, Интертото Кубогы жеңімпазы болып табылады. Сонымен қатар, Жұмасқалиев Қазақстан ұлттық құрамасы тарихындағы матчтар мен голдар саны бойынша үздік ондыққа кіреді.

Футболшы мансабын аяқтағаннан кейін ол 2018 жылдан бастап «Тобыл» клубында бапкерлік және басқарушылық қызметтер атқарды, оның ішінде спорт директоры лауазымында болды. «Ертіске» ауысар алдында қостанайлық клубтың бас бапкері қызметін атқарды. Сондай-ақ Нұрбол Жәрдемұлы Қазақстан ұлттық және жастар құрамаларында бас бапкердің көмекшісі болып жұмыс істеді.

Біз осындай беделді әрі тәжірибелі маманды павлодарлық клубта көргенімізге қуаныштымыз, «Ертіспен» бірге толағай табыстар тілейміз!

Айту керек, Нұрбол Жұмасқалиевтің «Ертістегі» жаттықтырушылар құрамына Данияр Мұқанов және Олег Недашковский кірді. Танымал мамандар бас бапкер көмекшілері қызметтерін атқарады.