Алматыдағы JAS.BRANDS қазақстандық агенттігінің SAF Qymyz жобасы Нью-Йоркте өткен DIELINE Awards 2026 халықаралық сыйлығының алтын жүлдесін иеленді. Бұл туралы Алматы қаласының Туризм басқармасының өкілдері мәлімдеді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Жоба алкогольсіз және әлсіз алкогольді сусындардың тұжырымдамалық дизайны санатында үздік деп танылып, әлемнің әр түкпірінен ұсынылған 1500-ден астам жұмысты басып озды. Марапаттау рәсімі 6 мамыр күні LUXE PACK көрмесі аясында өтті.
SAF Qymyz – дәстүрлі қымызды заманауи үлгіде жаңаша ұсынған жоба. Қазақтың кесесінен шабыт алған оның авторлары алюминий құтысының дизайнын минималистік үлгіде әзірлеген. Ал «SAF» атауы қазақ тіліндегі «саф», «таза» деген мағынаны білдіреді.
DIELINE Awards қаптама дизайны саласындағы әлемдегі жетекші сыйлықтардың бірі саналады. SAF Qymyz жобасының жеңісі қазақстандық креативті индустрияның әлеуетін көрсетіп, Алматыдан шыққан жобалардың халықаралық деңгейде мойындалып жатқанын тағы бір дәлелдеді.
Басқарма өкілдерінің айтуынша, мұндай жобалар Алматының ұлттық мәдениетті заманауи дизайн, гастрономия және шығармашылық индустрия арқылы жаңғырта білетін креативті орталық ретіндегі беделін нығайта түседі.