15 мамырдан бастап «Астана» телеарнасында жаңа түрік телехикаясы көрерменге жол тартады, деп хабарлайды turkystan.kz.
Арнаның мәліметінше, «Гүлжемал» – көрерменді алғашқы минуттардан-ақ баурап әкететін әсерлі драма. Сериал балалық шағында ауыр психологиялық соққы алған жігіттің тағдырын баяндайды. Басты кейіпкер – Гүлжемал. Оның рөлін түріктің танымал актері Мурат Юналмыш сомдайды.
Оқиға желісі бойынша бала Гүлжемал отбасын тастап кеткен анасына өштесіп өседі. Жылдар бойы жүрегінде жиналған ашу мен ыза оны қатігез, ешкімге аяушылық танытпайтын адамға айналдырады.
Есейіп, табысқа жеткен Гүлжемал туған қаласына оралып, өткенмен есеп айырысуды көздейді. Мақсаты – өзін тастап кеткен анасының өмірін тас-талқан ету. Туып-өскен өлкеде жаңа адамдармен танысады. Ішінде серік болар дос та, өміріне қауіп төндіретін дұшпандар да болады. Ең бастысы, ол өмірлік махаббатын кездестіреді. Іңкәр сезім оның ішкі жан дүниесін төңкеріп, бұрынғы ұстанымдарынан бас тартуға итермелейді.
Сериал Түркияның көрікті жерлерінің бірі Бурса қаласында түсірілген. Тарихи орындар мен ерекше атмосфера туындының көркемдігін арттыра түседі. Әрбір эпизод көрерменді кейіпкерлердің ішкі қайшылығына, таңдаулары мен тағдыр тәлкегіне терең үңілуге шақырады.
Тосынсыйға толы, тартысқа бай «Гүлжемал» телехикаясын 15 мамырдан бастап күн сайын сағат 21:00-де «Астана» арнасынан тамашалаңыздар!