Прокуратура iPhone-ға қатысты жаңа алаяқтық схемасы туралы ескертті

Бүгін, 16:28 / Алуа Арман
istockphoto.com

Бас прокуратураның Құқықтық статистика және арнайы есепке алу жөніндегі комитетінің Қылмыстық қауіп-қатердің және қоғамдық қауіпсіздіктің тәуекелдерін болжау орталығы интернет-алаяқтықтың жаңа схемасы туралы ескертеді, деп хабарлайды turkystan.kz.

Шетелдік дереккөздердің мәліметтері бойынша, алаяқтар PayPal төлем жүйесін пайдалану арқылы iPhone құрылғысын сатып алу туралы жалған хабарламалар таратуда.

Мұндай хаттар барынша сенімді көрінеді, себебі алаяқтар appleid@id.apple.com мекенжайын пайдаланып, хабарламалардың мазмұнын ауыстырады.

Хат мәтінінде пайдаланушыға iPhone құрылғысы сатып алынғандығы туралы хабарланып, транзакцияны жою ұсынылады. Ол үшін көрсетілген телефон нөмірі арқылы «қолдау қызметіне» хабарласуды ұсынады.

Қоңырау барысында алаяқтар пайдаланушыны Apple ID есептік жазбасы бұзылды деп сендіріп, аккаунтты «қорғау» сылтауымен:

- құрылғыға қашықтан қол жеткізу үшін бағдарламалық жасақтаманы орнатуды ұсынады;

- құпия деректерді, соның ішінде парольдерді сұратады;

- шұғыл және қауіп-қатер сезімін тудыра отырып, психологиялық тәсілдерді пайдаланады.

Цифрлық қауіпсіздіктің негізгі шараларын сақтау ұсынылады:

- күмәнді сілтемелерге өтпеу және хаттағы нөмірлерге қоңырау шалмау;

- сатып алу туралы ақпаратты тек ресми сервистер арқылы тексеру;

- бөгде бағдарламаларды орнатпау;

- екі факторлы аутентификацияны пайдалану.

Осындай хабарламаларды алған жағдайда дереу ресми қолдау қызметіне жүгініп, құқық қорғау органдарына хабарлау қажет.

Сақ болыңыз: кез келген күтпеген хабарламаларға сенбеңіз.

Тэгтер:

Ескерту алаяқтық прокуратура айфон