Әлеуметтік желіде Қызылордадағы жатақханалардың бірінде студенттің мәйіті табылғаны туралы ақпарат тарады, деп хабарлайды turkystan.kz.
16 жастағы Нұрдәулет Мырзалы 8 мамырға қараған түні көз жұмған. Туыстарының айтуынша, оны үшінші курс студенттері ұрып-соққан, жасөспірімнің денесін қанға боялған күйде дәлізбен сүйреп, кейін бөлмеге жасырып қойған.
Қызылорда облыстық полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл дерек бойынша жәбірленушінің өліміне әкеліп соққан денсаулыққа қасақана ауыр зиян келтіру фактісімен қылмыстық іс қозғалғанын мәлімдеді.
«Күдікті оқиға орнында ұсталып, уақытша ұстау изоляторына қамалды. Қазіргі уақытта оқиғаның барлық мән-жайын жан-жақты, толық әрі объективті анықтауға бағытталған тергеу әрекеттері жүргізілуде. Барлық тергеу шаралары қолданыстағы заңнама талаптарына сәйкес жүзеге асырылуда. Тергеу нәтижесі бойынша тиісті процессуалдық шешім қабылданады», – деп хабарлады полиция.
Қылмыстық істің тергелу барысы департамент басшылығының ерекше бақылауында.