Дүйсенбі, 11 мамыр күні Таиландтың Пхукет қаласынан Алматыға медициналық авиация бортымен екі айлық сәби жеткізілді, деп хабарлайды turkystan.kz.
Денсаулық сақтау министрлігінің баспасөз қызметінің мәліметінше, баланың жағдайы ауыр болғандықтан, тасымалдау үшін арнайы медициналық эвакуацияны транспорттық кювезді пайдалана отырып жүргізу туралы шешім қабылданған. Сәби тұрақты түрде оттегімен қамтамасыз етуді және жасанды өкпе желдету аппаратына қосылып тұруды қажет еткен.
«Тасымалдау Ұлттық шұғыл медицинаны үйлестіру орталығының медициналық авиациясының мобильді бригадасымен жүзеге асырылды. Бригада құрамында дәрігер Жасұлан Жұмгүлов, фельдшер Болат Шәріпов және неонатология департаментінің жетекшісі Асхат Қуанышбаев болды», – делінген хабарламада.
Алматыға жеткізілгеннен кейін сәби Педиатрия және балалар хирургиясы ғылыми орталығына жатқызылды. Мұнда ол әрі қарай арнайы ем қабылдайтын болады.