Маңғыстауда дәрігерлер 7 жастағы баланың өмірін аман алып қалды. Құрық ауылында басына темір құбыр құлаған бүлдіршінге облыстық көпбейінді балалар ауруханасында шұғыл ота жасалып, ауыр бас-ми жарақатынан кейінгі жағдайы тұрақтанды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Облыстық денсаулық сақтау басқармасының мәліметінше, Қарақия ауданына қарасты Құрық ауылынан 7 жастағы бала жедел-жәрдем желісімен Маңғыстау облыстық көпбейінді балалар ауруханасына жеткізілді. Тұрмыстық жарақат салдарынан баланың басына НКТ темір құбыры құлаған.
Науқас шұғыл түрде облыстық балалар ауруханасының жансақтау бөліміне жатқызылды. Дәрігерлер ауыр ашық бас-ми жарақатын, оң жақ төбе сүйегінің бас сүйек негізіне өтетін жаншылған көпжарықшақты сынуын, мидың жаншылуын, пневмоцефалияны, ликвореяны, мидың ауыр дәрежедегі ісінуін, ауыр травматикалық шок пен постгеморрагиялық анемияны анықтады
Нейрохирург дәрігер Ербол Кенжеваловтың жетекшілігімен шұғыл операция жасалды. Ота барысында бас сүйегіне трепанация жүргізіліп, жаншылған сүйек фрагменттері алынып, қатты ми қабығына пластика жасалды.
Күрделі операция 21:40-та басталып, 00:10-да сәтті аяқталды.
- Қазір баланың жағдайы тұрақты. Бүлдіршін есін жиып, өздігінен тамақтанып жатыр. Әке-анасын таниды. Жағдайы тұрақты бақылауда,-деді нейрохирург дәрігер Ербол Кенжевалов.