Сенат төрағасы «SENSITIVE» театрының ұжымын 20 жылдық мерейтойымен құттықтады

Бүгін, 11:57 / Інжу Әлихан
Сенат Парламентінің баспасөз қызметі

Astana Ballet театрында есту қабілеті нашар өнерпаздардан құралған «SENSITIVE» ерекше театрының «Ботай» этно-пластикалық спектаклінің премьерасы өтті. Театрдың 20 жылдығына орай ұйымдастырылған қойылым ежелгі Ботай мәдениетіне арналды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Спектакльді тамашалаған Сенат төрағасы Мәулен Әшімбаев өнердің қоғамдағы кедергілерді жойып, ерекше қажеттілігі бар азаматтардың әлеуетін ашуға ықпал ететінін атап өтті. Сондай-ақ ол Мемлекет басшысының тапсырмасымен елімізде инклюзивті орта қалыптастыруға және физикалық әрі әлеуметтік кедергілерді жоюға бағытталған жүйелі жұмыстар жүргізіліп жатқанын айтты.

«Басты мақсат – ерекше қажеттілігі бар әрбір азаматқа еңбекте, шығармашылықта және қоғамдық өмірде өз әлеуетін толық іске асыруына жағдай жасау», – деді Мәулен Әшімбаев.

Іс-шара барысында Палата Спикері «SENSITIVE» театрының ұжымын және оның көркемдік жетекшісі Ольга Ростовщикованы театрдың 20 жылдығымен құттықтап, ұжымның инклюзивті өнерді дамытуға қосқан үлесін жоғары бағалады.

Айта кетейік, Петропавл қаласында құрылған «SENSITIVE» театры бүгінде халықаралық деңгейде танылған шығармашылық ұжымға айналды.