Қазақстанда 2 000 теңгелік монеталар айналымға шығады

Бүгін, 11:25 / Інжу Әлихан
Ұлттық банк

Ұлттық Банк «Есте қалатын оқиғалар мен біртуар адамдар» сериясынан ALTYN ORDA коллекциялық монетасын айналымға шығарады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Монетаның сатылымға қашан шығарылатыны туралы ақпарат Қазақстан Ұлттық банкінің ресми сайтында қосымша хабарланады.

Бұл коллекциялық, алтын жалатылған монета 925 сынамалы күмістен тұрады, массасы 62,2 грамм, диаметрі 50 мм, дайындау сапасы – «proof», номиналы 2 000 теңгелік, таралымы – 1 000 (бір мың) дана.

«Алтын Орда – XIII-XV ғасырларда Еуразияның саяси, экономикалық және мәдени дамуына елеулі ықпал еткен аймақтағы ең ірі мемлекеттердің бірі. Ол Шығыс пен Батыс арасындағы тұрақты сауда байланысын қамтамасыз етіп, Ұлы Жібек жолы бойындағы халықаралық алыс-берістің жандануына, сондай-ақ көпұлтты әрі көпконфессиялы кеңістіктің қалыптасуына негіз болды.

Алтын Орданың тарихи мұрасы Ұлы даланың мың жылдық өркениет сабақтастығын паш ете отырып, қазіргі Қазақстан аумағын қоса алғанда, Еуразия мемлекеттілігі мен халықтарының мәдени бірегейлігін айқындауда маңызды орын алады. Бұл дәуір қала мәдениетінің, қолөнердің, ақша жүйесі мен дипломатиялық қатынастардың қарқынды дамуымен сипатталады. Коллекциялық монетаны шығара отырып сол дәуірді зерделеу тарихи жадыны сақтауға, мәдени мұраны насихаттауға және мемлекеттілік жолындағы маңызды кезеңдерді дәріптеуге бағытталған», - делінген хабарламада.

Монетаны Қазақстан Республикасының бүкіл аумағында өзінің белгіленген құнына сай төлемдердің барлық түрі бойынша қабылдауға, сондай-ақ елдің барлық банкінде банктік шоттарда қолдануға, аударуға, ұсақтауға және айырбастауға болады.

Монета Қазақстан теңге сарайында дайындалды.