Шымкент тұрғынына алаяқтар ұрлаған 1,7 млн теңгесі қайтарылды

Бүгін, 11:25 / Алуа Арман
istockphoto.com

Шымкент қаласының тұрғыны алаяқтардың айласына түскен. Алдымен ер адамға белгісіз біреулер қоңырау шалып, өздерін «Қазпошта» қызметкерлері ретінде таныстырып, деректерді растау сылтауымен төрт таңбалы кодты айтуды сұраған. Алаяқтық екенін сезбеген ол кодты айтып қойған, деп хабарлайды turkystan.kz.

Біраз уақыттан кейін оған қайтадан қоңырау түскен. Бұл жолы «банк қызметкерлері» бұрын оған алаяқтар хабарласқанын және қазір олар оның банк шотындағы ақшаны ұрлауға тырысып жатқанын айтқан. Қаражатты «қорғау» үшін қаскөйлер ер адамды ақшаны шұғыл түрде банкомат арқылы шешіп алып, «қауіпсіз шотқа» аударуға көндірген.

Алаяқтарға сенген ер адам ақшасын аударып жіберген. Кейін өзінің алаяқтық схеманың құрбаны болғанын түсініп, полицияға жүгінген.

Киберполиция қызметкерлері жедел түрде ақша аударылған шоттарды анықтап, транзакцияларды дер кезінде бұғаттаған. Соның нәтижесінде алаяқтар қаражатты шығарып үлгермеген. Жедел әрекеттердің арқасында жәбірленушіге 1,7 млн теңге қайтарылды.

Полиция ескертеді: белгісіз адамдардан келген қоңырауларға сенбеңіз, олар кім болып таныстырса да. SMS арқылы келген кодтарды, жеке деректеріңізді және банк карталарының реквизиттерін ешқашан айтпаңыз.

Тэгтер:

Шымкент Алаяқ алдау