Атыраудағы қанды қылмыс: Ақбаян Мұқанғалиеваның кісі өліміне қатысы анықталмады

Бүгін, 09:59 / Інжу Әлихан
коллаж: smartnews.kz

Атырау облысы Жангелдин ауылында қаза тапқан отбасы мүшелерінің қызы әрі күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевтің жұбайы Ақбаян Мұқанғалиеваның кісі өлтіру ісіне қатысы жоқ екені белгілі болды, деп хабарлайды turkystan.kz Kazinform агенттігіне сілтеме жасап.

Атырау облысы прокурорының көмекшісі Жандар Болатбектің айтуынша, Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекетінен адам өлтіруге қатысты құқықбұзушылық белгілері анықталмаған.

– Ол кісі өлтіру фактісіне қатысы болмағандықтан, оған қатысты қылмыстық қудалау тоқтатылды. Ал қылмыс туралы хабарламау дерегі бойынша бөлек іс тіркелді. Алайда оған әлі құқықтық баға берілген жоқ. Ақбаян Мұқанғалиева іс бойынша күдікті ретінде танылмайды және оған қатысты бұлтартпау шарасы қолданылған жоқ, – деді Жандар Болатбек.

Прокурордың сөзінше, оның психикалық жағдайына байланысты Алматы қаласында психиатриялық сараптама жүргізілген. Алайда сараптама қорытындысы прокуратураға әлі түспеген.

– Сараптама дайын деген ақпарат бар. Бірақ бізге әлі келген жоқ. Қорытынды түскеннен кейін зерделенеді. Қажет болса, қосымша сараптама тағайындалады, – деді облыс прокурорының көмекшісі.

Осылайша, Ақбаян Мұқанғалиеваның әрекетіне құқықтық баға оның психикалық жағдайы толық анықталғаннан кейін беріледі.

Айта кетейік, төрт адамның өліміне күдікті Сұлтан Сәрсемәлиевке қатысты сот процесі 18 мамыр күні сағат 11:00-де ашық форматта өтеді.

Еске сала кетейік, Жангелдин ауылындағы отбасы 2025 жылдың соңында белгісіз жағдайда жоғалып кеткен болатын.

2026 жылғы 6 қаңтарда отбасы мүшесі Мақсот Қарабалин мен оның жұбайы Насип Өтешқалиеваның денелері шаруашылыққа арналған сарайдан табылды. Кейін олардың денесінде пышақ жарақаты болғаны анықталды.

Тергеу деректері мен сот-медициналық сараптама қорытындысына сәйкес, Наурыз Мұқанғалиев 2025 жылдың мамыр айында көз жұмған. Ал қалған үш адам – отбасы басшысы, жұбайы және қызы қараша айында қаза тапқан.

9 қаңтарда отбасы мүшелерін өлтірді деген күдікпен олардың күйеу баласы Сұлтан Сәрсемәлиевке іздеу жарияланғаны ресми хабарланды. Сол кезде марқұмдардың қызына да күдікті мәртебесі берілген еді.

24 ақпанда Сәрсемәлиев пен Мұқанғалиеваның Индонезияның Ломбок аралындағы Сенару ауылында ұсталғаны белгілі болды. Наурыз айында олар Атырауға жеткізілді.

Кейін полиция қызметкерлері Сұлтан Сәрсемәлиевті Жангелдин ауылындағы қылмыс жасалған үйге апарып, тергеу экспериментін жүргізген.