Астанаға тойға бармақ болған жандар күтпеген жағдайға тап болды

Бүгін, 21:44 / Жамбыл Жайлау
ашық дереккөзден

Жетісу облысының 16 тұрғыны Астанада өтетін тойға бару үшін алдын ала әуе билеттерін сатып алған. Алайда кейін салтанатты шара өтпей қалып, жолаушылар билеттерін қайтармақ болғанда күтпеген жағдайға тап болды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Тұтынушылардың құқықтарын қорғау комитетінің мәліметінше, Жетісу облысы мен Алматы қаласының тұрғындары отбасылық жиынға қатысу үшін Астанаға 16 әуе билетін рәсімдеген. Билеттердің жалпы құны 765 248 теңгені құраған.

Алайда бірнеше күннен кейін отбасылық жағдайларға байланысты той болмайтыны белгілі болған. Осыдан кейін жолаушылар ұшудан бас тартып, билеттерді қайтаруға өтініш берген. Олар бұл шешімді рейске 37 күн қалғанда қабылдаған.

Комитеттің хабарлауынша, азаматтар билеттер құны толық қайтарылады немесе әуе тасымалы ережесінде көрсетілген аз ғана ұстап қалумен беріледі деп күткен.

Алайда сатып алушыларға жалпы соманың орнына бар болғаны 14 840 теңге қайтарылған. Бұл әр билетке шаққанда небәрі 927,5 теңгеден келеді.

Мұндай өтемақы мөлшерімен келіспеген тұрғындар Жетісу облыстық Сауда және тұтынушылардың құқықтарын қорғау департаментіне жүгінген. Департамент мамандары істің мән-жайын қарап, азаматтарға құқықтық көмек көрсеткен.

Атап айтқанда, оларға тұтынушылар құқығын қорғау туралы заң талаптары түсіндіріліп, сатушы компания мен әуе тасымалдаушының атына қаражатты толық қайтару туралы сотқа дейінгі шағым дайындауға көмек берілген.

Нәтижесінде дау жолаушылардың пайдасына шешілді. Комитет мәліметінше, департамент араласқаннан кейін мәселе сотқа дейін реттеліп, екі тәулік ішінде тұтынушыларға 765 248 теңге толық көлемде қайтарылған.

Департамент өкілдері мұндай жағдайлар жиі кездесетінін ескертіп, азаматтарға билет сатып аларда тариф шарттарын мұқият оқуға кеңес берді.

Тэгтер:

Астана Ұшақ той