Қаратал ауданында билік өкіліне қатысты күш қолданған Үштөбе қаласының тұрғынына үкім шықты, деп хабарлайды turkystan.kz.
Оқиға учаскелік инспектордың «102» пультіне түскен шақырту бойынша барған кезінде болған. Заң талаптарын орындаудың орнына, ер адам агрессия танытып, полиция қызметкерінің бетінен алақанмен ұрып, қызметтік бейнежетонын жұлып алған және погонын зақымдаған.
Мемлекеттік айыптаушы сотталушының кінәсін дәлелдейтін жеткілікті айғақтар ұсынды. Нәтижесінде, қызметтік міндеттерін атқару үстіндегі қызметкерге шабуыл жасағаны үшін сот кінәліге 2 жылға бас бостандығын шектеу жазасын тағайындады. Сондай-ақ, сотталған азамат мәжбүрлі еңбекке тартылып, мемлекетке келтірілген материалдық шығын толық көлемде өндірілді.
Жетісу облысының прокуратурасы құқық қорғау органдарының қызметкерлеріне қатысты кез келген заңсыз әрекеттер қатаң жауапкершілікке әкеп соғатынын ескертеді.
Үкім заңды күшіне енді.