Батыс Қазақстан облысында жел электр стансаның құрылысы басталады

Бүгін, 15:27 / Інжу Әлихан
әкімдік

Батыс Қазақстан облысында алғаш рет жел электр станциясы салынады. Маңызды жоба Мемлекет басшысының жаңартылатын энергия көздерінің үлесін арттыру жөніндегі тапсырмасына сәйкес жүзеге асырылады, деп хабарлайды turkystan.kz.

Бүгін қуаты 50 МВт болатын энергетикалық нысанның құрылыс алаңында уақыт капсуласын салу рәсімі өтті. Жел электр станциясын салу үшін 140 га жер телімі берілген. Инвестиция көлемі – 21 млрд теңге.

Жоба өңір экономикасының дамуына серпін беріп, инвестициялық тартымдылықты арттырады. Жаңа жұмыс орындары ашылады. Құрылыс осы айда басталып, келесі жылы толық аяқталады. Кепілдік мерзімі – 20 жыл.

Өңірде энергетикалық қауіпсіздікті қамтамасыз ету шаралары жүйелі түрде жалғасады. Жақын арада Жәнібек ауданының Өнеге ауылында гибридті электр станциясының құрылысы басталады. Жобаны жүзеге асырудың нәтижесінде облыс импортқа тәуелділіктен арылады.

Соңғы 3 жылда өңірді энергиямен жабдықтауға 44 млрд теңгеден астам қаржы бағытталса, биыл 20 млрд теңге бөлінді. 2029 жылға қарай электр желілерінің тозу деңгейін 11 пайызға төмендету жоспарланып отыр.