«Казцинк» зауытындағы жарылыстан қаза тапқандар саны 3 адамға жетті

Бүгін, 14:28 / Інжу Әлихан
ТЖМ

Өскемен металлургиялық кешеніндегі апаттан зардап шеккен тағы бір жұмысшы 12 мамырға қараған түні ауруханада көз жұмды, деп хабарлайды turkystan.kz.

Компания марқұмның туған-туыстары мен жақындарына көңіл айтып, қажетті қолдау көрсетіліп жатқанын мәлімдеді. Сондай-ақ барлық қызметкерлерге де қолдау шаралары ұйымдастырылған.

«Қазір оқиға орнындағы салдарды жою жұмыстары жалғасып жатыр. Тергеу мемлекеттік органдармен бірлесіп жүргізілуде.

Оқиғадан кейін Өскемен металлургиялық кешені мырыш және қорғасын зауыттарында өндіріс көлемін уақытша қысқартып жұмыс істеп жатыр», - делінген хабарламада.

Компания қосымша ақпарат кейінірек жарияланатынын хабарлады.

Айта кетейік, аталған оқиға бойынша полиция қылмыстық іс қозғады. Премьер-министр Олжас Бектенов жағдайды жеке бақылауына алып, Төтенше жағдайлар министрлігіне, Экология министрлігіне және Шығыс Қазақстан облысының әкімдігіне шұғыл шаралар қабылдауды тапсырды.

Еске сала кетсек, қайғылы жағдай 5 мамыр күні таңертең болған еді. Зауыт аумағындағы шаң жинау құрылғысы жарылып, арты өртке ұласқан. Жарылыс салдарынан ғимарат конструкцияларының бір бөлігі құлап, оқиға орнында екі адам қаза тапқан болатын. Бес жұмысшы түрлі деңгейдегі жарақаттармен, соның ішінде ауыр күйік шалу дерегімен ауруханаға жеткізілген еді.