Иран билігі Жоғарғы көшбасшының жағдайы туралы шұғыл мәлімдеме жасады

11 мамыр, 2026 / Жамбыл Жайлау
Anadolu Ajansı

Иранның Жоғарғы көшбасшысы Моджтаба Хаменей АҚШ пен Израиль шабуылдары кезінде алған жарақатынан кейін сауығып келе жатыр. Бұл туралы Иран басшысы кеңсесінің хаттама қызметінің жетекшісі Мазахер Хосейни мәлімдеді, деп turkystan.kz тілшісі РИА Новости агенттігіне сілтеме жасап хабарлайды.

Fars агенттігінің дерегінше, Хаменей тізесі мен арқасынан жеңіл жарақат алған.

"Арқасындағы жарақат уақыт өте жазылды. Тізесі де жақын арада қалпына келеді. Қазіргі жағдайы жақсы", – деген Мазахер Хосейни.

Оның айтуынша, Иран көшбасшысы жарылыс толқынының әсерінен құлап, жарақат алған. Сондай-ақ құлағының артында аздаған жыртылған жара болғаны айтылды.

Мазахер Хосейнидің сөзінше, Жоғарғы көшбасшы халық алдына "қолайлы уақытта" қайта шығуды жоспарлап отыр.

Өткен аптада Иран президенті Масуд Пезешкиан алғаш рет Хаменеймен кездескенін хабарлаған еді. Ал Жоғарғы көшбасшы 9 наурыздан бері көпшілік алдына шықпаған.

Айта кетейік, ақпан айының соңында АҚШ пен Израиль Иран аумағына соққы жасай бастаған. Иран Сыртқы істер министрлігі бұл әрекеттерді бейбітшілік пен адамзатқа қарсы қылмыс деп бағалап, БҰҰ елдерін Вашингтон мен Тель-Авивті жауапкершілікке тартуға шақырған.

Тэгтер:

иран Моджтаба Хаменей