Әнші Мақпал Жүнісова концерт барысында болған көңілді сәтімен желі қолданушыларын күлкіге қарық қылды, деп хабарлайды turkystan.kz.
Концерт кезінде актер Жанатбек Байтеков әншіге үлкен ақ аю сыйлаған. Тосын сыйды көрген Мақпал Жүнісова алғашында таңғалып қалғанымен, артынша әзілмен жауап беріп, көрермендерді күлдірген.
"Байың жоқ, осыны құшақтап жат дегің келіп тұр ғой. Бұны бергенше тірі еркек алып келмедің бе?" – деп қағытты Мақпал Жүнісова.
Көрермендер Мақпал Жүнісованың шынайылығы мен әзілге жақын мінезіне тәнті болған.
"Мақпал апайымыздың концертіне қош келдіңіздер. Апайымыздың өзі де, өмірі де, құшағы да гүл. Елдің нағыз еркесі, халықтың қалаулысы", – деді актер Жанатбек Байтеков.
Айта кетейік, Мақпал Жүнісова қазір жеке шығармашылық концерттік бағдарламасымен өңірлерді аралап жүр. Биыл әншінің сахнада жүргеніне 40 жыл толды.