Ақтаулық оқушы жасанды интеллект арқылы мультфильм әзірледі

Бүгін, 15:00 / Інжу Әлихан
24KZ

Ақтаулық оқушы табиғатты қорғау тақырыбында мульфильм жасап шығарды, деп хабарлайды turkystan.kz «24KZ» телеарнасына сілтеме жасап.

Жоба авторы – Байтұрсын есімді 7-сынып оқушысы.  Ол Таусоғар, Көлтаусар секілді ертегі кейіпкерлерін жасанды зерденің көмегімен қоршаған ортаны қорғаушы ретінде суреттейді. Маңғыстаудағы ауыз судың тапшылығы, Каспий итбалығының жаппай қырылуына қатысты экологиялық мәселелер де тақырыпқа арқау болған. Байтұрсын Балабай тырнақалды еңбегін экологиялық жобалар байқауына арнайы әзірлепті. Ол қазақ ертегісі кейіпкерлерін нағыз табиғат сақшысы ретінде суреттейді. Мульфильм қаһармандары тіршілік нәрінің тапшылығымен күресу, Каспий сүтқоректілерін сақтап қалудың жолын іздейді. 

- Қазір балалар әр жерге қоқыс тастайды. Осы балалардың әрекетін дұрыстағым келді және табиғатты қорғағым келді. Ол жерде қазақтың ұлттық кейіпкерлері бар. Мен осы әңгімені тек экологиялық қана емес, ұлттық мәдениетті қалыптастыру үшін істедім, – дейді жоба авторы Байтұрсын Балабай.

5 минуттық мультфильм сәуірде Астанада өткен «ProEco» сайысында жүлдеге ие болды. Дарынды жеткіншек енді мультсериал жасауды армандайды. Әр сериясында Маңғыстаудың көрнекті орындарын суреттеп, табиғат аясын аялауға шақырмақ ниетте. Шәкіртінің жоспарын ұстазы да құптап отыр.

- Кішкентай балаларға қоқыс тастама, гүлді жұлма дейтін болсақ, олар қарапайым сөзбен санасына түсінбеуі мүмкін. Ал егер біз оларға қызық образдар арқылы айтсақ, мысалға супербатырлар балаларға өте қызық тақырып, оларға еліктейді. Олар сияқты болғысы келеді. Сосын біз қазақ фольклорында да осындай кейіпкерлер бар ғой деп ойладық, – деді мұғалім Сәния Дәуталиева.